- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әйелдер мен ерлер...
Әйелдер мен ерлер бірдей жалақы алып жүр ме?
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы жүргізген дерегіне сәйкес, Қазақстанда жалақыдағы гендерлік айырмашылық қысқарып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2021 жылы 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,3 миллион адам немесе халықтың жалпы санының 69,3 пайызы. Былтыр бұл көрсеткіш 100 мың адамға кем болған. Экономиканың түрлі саласында 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 4,2 миллион адам немесе 48,3 пайызы - әйелдер.
Статистика мәліметінше, жұмыспен қамтылған халықтың басым бөлігі, жалдамалы жұмыскерлер - 6,7 миллион адам немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2 пайыз, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 2,1 миллион адам немесе 23,8 пайыз. Бұл ретте, егер жалдамалы жұмыскерлер санында гендерлік теңдік байқалса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында әйелдермен 45,6 пайызбен салыстырғанда ерлердің үлесі сәл жоғары - 54,4 пайыз.
Экономиканың түрлі саласындағы ерлер мен әйелдердің бөлінісін қарастырсақ, жалдамалы жұмыс істейтін ер адамдар мына салаларда жұмыс істейді: құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, көлік және қойма.
Әйелдер ауыл шаруашылығы секторында, өнеркәсіпте және құрылыста аз, бірақ сауда, орналастыру және тамақтану қызметтерін ұсыну, білім беру, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сияқты экономикалық қызмет салаларында басым келеді.
7,4 миллион адамның немесе жұмыспен қамтылған халықтың 83,5 пайызында жоғары және орта кәсіптік білімі бар. Әйелдер - неғұрлым білікті жұмыс күші, 41,4 пайыз әйелдің білім деңгейі жоғары.
Былтырғы қорытынды бойынша жұмыссыздар - 449,6 мың адам, жартысы - әйелдер.
2021 жылғы деректер бойынша әйелдердің орташа айлық жалақысы - 220 160 теңге, ерлердің жалақысы - 281 239 теңге. Бұл орта есеппен 61 079 теңге, гендерлік алшақтық 21,7 пайыз.
Айта кетейік, еңбекақының ең жоғары мөлшері тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазу - 503 930 теңге, ең төменгісі - ауыл, орман және балық шаруашылығында 150 705 теңге болып белгіленді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек