Әйелдер мен балалардың құқығы туралы заң: 32 іс сотқа жолданды

Маңғыстау облысында әйелдер мен балалардың құқығы туралы заң қабылданғалы 32 қылмыстық іс сотқа жолданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында соңғы өзгерістерге сәйкес ұрып-соғу әрекеттері (ҚР ҚК-нің 109-1-бабы) биылғы жылғы 16 маусымнан бастап қылмыстық құқықбұзушылық ретінде бағаланады.

Облыста аталған санатта 32 қылмыстық іс сотқа жолданған, олардың ішінде сотталушылардың 15-і бірге тұрып жатқан әйелдеріне, 8-і таныстарына және 9-ы өзге адамдарға қатысты жасалған қылмыстық құқықбұзушылық.

Мысалы, Ақтау қалалық сотымен сотталушы М. Ақтау қаласы 14-шағынаудандағы теңіз жағалауында бола тұра болмашы ұрыс-керісті себеп қылып, өзінің жолдасын бірнеше рет ұрып-соғып, тән ауруына ұшыратқаны үшін оған 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.

Сотталған азаматтың әрекеттері ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 1-бөлігімен сараланған.

Санкциясында айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, не 30 тәуліктен 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазалар көзделген.

Қазіргі таңда өңірлік полиция органдарының өндірісінде аталған санатта 95 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз