- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әйелдер мен балаларды...
Әйелдер мен балаларды қорғайтын заң: ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды түсіндірді
ІІМ өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қашанда қоғам назарында екенін, бұл бағытта нәтиже де жоқ емес екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, жыл сайын отбасындағы әлімжеттік жағдайлары ақырын болса да азайып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша полицияға түскен шақыртулар:
- 2020 жылы – 179 096
- 2021 жылы – 155 177
- 2022 жылы – 115 526
- 2023 жылы – 99 026
- 2024 жылғы 4 айда – 28 189
Тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру):
- 2020 жылы – 1071
- 2021 жылы – 1022
- 2022 жылы – 935
- 2023 жылы – 923
Бұрын жәбірленушілердің көп жағдайда арыз жазудан бас тартуына байланысты үй тирандарына қатысты шара қолдану қиынға соғатын. Былтыр ІІМ-нің бастамасымен заңға түзетулер енгізіліп, полиция зорлық-зомбылық дерегін тіркеудің анықтау сипатына көшті. Яғни, агрессорды жәбірленушінің арызынсыз-ақ жауапқа тарту мүмкіндігі пайда болды. Биыл қабылданған заңда қандай өзгерістер бар екенін тәртіп сақшылары тарқатып айтып берді.
"Кісі өлтіру бабында баланы өлтірген жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру деген жаза қосылды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру мен орташа ауырлықта зиян келтірудің жазаларынан біз бостандықты шектеу жазасын алып тастадық. Алдағы уақытта олар тек бас бостандығынан айырылатын болады. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру баптары осы жаңа заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сондай-ақ, тағы да айта кетейін, қинау деген бап бар. Сол қинау бабы бойынша да бас бостандығын шектеу жазасы алып тасталды. Жаза - тек бас бостандығынан айыру. Тағы да Қылмыстық кодекске бұрын болмаған жауапкершілік енгізілді. Ол 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жыныстық қолсұғушылық жасаған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады", – ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Заң "әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" деп аталғанымен, ол бәріне ортақ болады. Яғни барлық азаматтың құқығы бірдей қорғалады.
"Жәбірленуші тарап қоңырау шалуы мүмкін немесе көршілер шудың арқасында хабарласуы мүмкін. Кім қатты агрессия білдіріп жатады, сол кісіні біз заң аясында жақын арадағы полиция басқармасына міндетті түрде жеткіземіз", – деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Мейіржан Ұлтанбай.
"Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына отбасының барлық мүшесі жатады. Тіптен бұрын бірге тұрған азаматтар, бұрын ерлі-зайыпты болған ажырасқандар немесе ортақ баласы барлар, бір үйде бірге тұратындар, сондай-ақ, жақын туыстардың барлығы жатады. Бұл жерде жәбірленуші отбасының кез келген мүшесі бола алады. Сондықтан жәбірленуші кім болса да, оған кез келген көмек көрсетіледі", – деді Ақмарал Серікбаева.
Жалпы заңның негізгі мақсаты - қылмыстық қудалау емес, керісінше тұрмыстық саладағы қайғылы жағдайлардың алдын алу, адамдардың өздерінің әрбір әрекетіне деген жауапкершілігін арттыру.
"Мұндай санаттағы істер әрдайым біздің бақылауымызда. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтірудің қылмыстандырылуына байланысты бастапқыда арыздар көп болуы мүмкін. Бірақ одан кейін арыздар азаяды деп ойлаймын. Біз бұған дейін де денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіру істерін тергеп келдік. Осы жаңа заң жәбірленушілердің құрбан болуының алдын алуға бағытталған", – деді Астана қаласы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Алима Жамалиева.
Заңда тағы бірқатар маңызды мәселе қарастырылған. Енді кәмелетке толмағандарды кез келген көлік түрінен мәжбүрлі түрде шығарғандар, балаларын қауіпті жағдайда қалдырған ата-аналар және кез келген азаматқа қатысты буллингке жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова