Әйелдер жұмыста харассментке ұшырап жатыр - сенатор

Әйелдер жұмыста харассментке ұшырап жатыр - сенатор
Фото: pixabay.com

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі әйелдерді харассменттен қорғау үшін заңды күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

"Қоғамды тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі айрықша алаңдатып отыр. Соңғы 3 айда елімізде заңбұзушылықтың 4 есе артқаны соның айғағы... Расында, әдепсіз әрекеттер әдетке айналып барады. Кейбір азаматтар өзгелерге түрлі деңгейде тиісу, дөрекілік таныту, жәбір көрсету, қысым жасауды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Қылмыстың кез-келген түрін ақтауға болмайды. Озбырлық түрі – ойран. Сондықтан мұндай заңбұзушылыққа мүлдем төзбеу, зорлық-зомбылыққа ымырасыз болу мәндениетін дамытуымыз қажет. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу, үлкен ұжымда жауапты арнайы қызметті бекіту қажет деп ойлаймыз", - деді Дархан Қыдырәлі.

Депутат БҰҰ-мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп жүргізген "Қазақстанның еңбек саласындағы харассмент және зорлықтың деңгейінің негізгі себебі" атты зерттеуге тоқталды.

"Онда жұмыс орнында харассмент мәселесі өзекті екені көрсетілген. Зерттеуде респондерттердің жартысынан астамы жұмыс орнында харассмент пен зорлықтың бар екенін растаған. Харассментке ұшырағандардың 57,6 пайызы бұл фактілердің бірнеше рет болғанын атап өтті. Бұл жағдайда харассменттің белгілі бір тұлғаға тек физикалық ғана емес, сонымен бірге адамға менталды немесе эмоциялық қысым жасалғанын ескеру қажет.

Зерттеу көрсеткендей харассмент жиі болатын жерлер – тұрақты жұмыс орны (41 пайыз), корпоративті іс-шаралар (38 пайыз). Азаматтардың уақытының көп бөлігі жұмыста өтеніні ескерсек, бұл – алаңдатарлық жайт", - деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі Қазақстанда харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы да өзекті мәселе деп санайды.

"Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздіктерге барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпеу үшін қазақстандықтарды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы күшейту кезек күттірмейді. Заң үстемдігі салтанат құратын Әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы адам өзін кез келген жерде қауіпсіз әрі жайлы сезінуге тиіс.

Халықаралық еңбек ұйымы №190 "Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы" Конвенциясы бар. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялады. Қазақстанның осы құжатқа қосылғаны отбасы және гендерлік саладағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Жыл сайын БҰҰ 25 қараша мен 10 желтоқсан аралағында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күнді өткізеді. Қазақстан осы күндерді тиімді пайдаланғаны тиімді деп есептейміз", - деді депутат.

Осыған байланысты ол Үкімет басшысына төмендегідей сұрақтарды қойды:

Қазақстан заңнамаларында, атап айтқанда Қылмыстық, Еңбек, Әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық ұғымдарын енгізу, мұндай заң бұзушылықтарға қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізіліп жатыр?

Еліміз халықаралық еңбек ұйымының "Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы" Конвенциясына қашан қосылады?
Жалпы харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бар ма?

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz