"Әйелдер аяқкиіміне дейін бар": ШҚО тұрғыны 15 жылдан бері ерекше кәсіппен айналысады

"Әйелдер аяқкиіміне дейін бар": ШҚО тұрғыны 15 жылдан бері ерекше кәсіппен айналысады
Фото: Озатбек Ахметұлының жеке мұрағатынан

Глубокое ауданының тұрғыны Озатбек Ахметұлы 15 жылдан аса уақыт аяқкиім тігумен айналысып, тұрақты сатып алушыларын тапқан. Қысы-жазы тоқтамайтын жұмыс бүгінде отбасылық кәсіпке айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қытайдың Алтай өңірі Қаба ауданында туған азамат 2006 жылы ата жұртқа келгелі күнкөріс қамына кірісіпті. Алдымен етік жамап, кейін шеберханасын да ашқан. Етікшінің өзіндік тәсіл қалыптастырғаны бұйымдарынан бірден байқалады, әр ою нақышына келтіріле тігіледі.

Шеберге балалардан бастап ерлер мен әйелдерге арналған аяқкиімдердің кез келген өлшеміне тапсырыс беруге болады. Тігінмен нәпақасын тауып жүрген шебер етік пен үйде киетін мәсіге сұраныс үзілмейтінін айтады.

"Іші-сырты таза теріден тігілген. Қыстыгүні -35-40 градус аязға дейін төтеп береді. Табаннан сыз өтпес үшін қайыс салынады. Түсетін тапсырысқа қарай тігіске жұмсалатын уақыт әртүрлі", - деді ол.

Шамамен айтқанда, бес-алты тапсырысты орындап бітуге бір апта қажет екен. Оның сөзінше, жұмысқа керек материалдарды іздеп жүріп табады.

"Мұндайда табиғи таза былғарыға ден қойылады. Облыстан сұрастырамыз. Шықпаса, Шымкент, Тараз, Ташкент, кейде Түркияға тапсырыс беріледі. Уақыт жоғалтпас үшін жиі-жиі интернетті шоламыз. Ұзын етіктер 40 мың, тобықтан аспайтындары 25-30 мың теңге. Әскерилерге арналған берцыларды да тігеміз. Қарбалас шақ қыс түсе басталып кетеді", - деді етікші.

Озатбек Ахметұлының жеке мұрағатынан

Озатбек Ахметұлы жұбайы Сәуле Нұрқайдармен бірлесе қордаланған шаруаны аудан орталығындағы шағын цехта іске асырып отыр.

Тебеннен тиын тапқан азаматтың жары төрт жылдан бері тоқымамен айналысады әрі жолдасына дизайн жағынан көмектеседі. Оның айтуынша, әулетінде тоқымаға бет бұрған - тек өзі. Қолға алған бұйымы күрделілігіне қарай бір-екі күнді қажет етеді. Ерлі-зайыпты тігіншілердің сөзінше, сұраныс бұл жақта да толастаған емес.

Еске салайық, бұған дейін 20 жастағы Сәбит есімді жігіт 150 әйелдің арасында тігін фабрикасында жұмыс істеп жатқанын жазған едік.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz