- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- қатерлі ісік
Әйелдер арасында ең көп тараған қатерлі ісік жайлы не білу керек?
Сүт безі қатерлі ісігі - Қазақстандағы әйелдер арасындағы ең көп тараған қатерлі ісік түрі. 14 жылдық тәжірибесі бар қазақстандық дәрігер, онколог-маммолог Дана Башибаева сүт безі қатерлі ісігі жайлы негізгі сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Онколог-маммолог Дана Башибаева
- Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына қандай факторлар әсер етеді?
- Сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын бірнеше фактор бар екені дәлелденген. Оларға мыналар жатады:
- Жынысы. Ер адамдарға қарағанда әйелдер сүт безі қатерлі ісігіне жиі шалдығады;
- Жасы. Әйел адамның жасы ұлғайған сайын сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі артады;
- Зиянды әдеттер. Мысалы, темекі шегу және алкоголь ішу;
- Генетика. Сүт безі қатерлі ісігінің дамуында тұқымқуалаушылық факторы бар екені ғылыми дәлелденген. Мутация анықталатын нақты гендер бар;
- Гормонды фон. Мысалы, гормондық бұзылыстар, эндокриндік аурулар;
- Аз қозғалысты өмір салты;
- Артық салмақ және семіздік.
- Адамның өмір салты сүт безі қатерлі ісігінің дамуына әсер етуі мүмкін бе?
- Әрине, адамның өмір салты сүт безі қатерлі ісігінің дамуына әсер етеді. Егер әйел салмағын бақыламаса, аз қозғалатын болса, спортпен айналыспаса, зиянды әдеттері болса, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі артады. Сүт безі қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін тағы бір нәрсе - түнгі ауысымда жұмыс істеу. Түнде жұмыс істейтін, түнде ұйықтамайтын адамдардың циркадты ырғақтары бұзылып, оларда сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі артады. Сондай-ақ егер әйел босанбаған болса және бала емізбеген болса, сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі аздап артуы мүмкін.
- Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері қандай?
- Өкінішке қарай, сүт безі қатерлі ісігінің бастапқы кезеңінде әйел өзінде қандай да бір ауру бар екенін біле алмайды. Себебі сүт безі қатерлі ісігі бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейді, яғни еш жеріңіз ауырмайды.
Кез келген әйел адамды ойландыруы керек ең бірінші белгі - сүт безінде қандай да бір қатты нәрсені сезу. Ол оны мазаламаса да, бұл онколог-маммологқа қаралуға себеп. Алайда егер ісік қолға білінсе, ол бастапқы кезең емес.
Сондай-ақ омырау ұшынан қан аралас бөліністің шығуы, тері түсінің және омырау пішінің өзгеруі де әйелді ойландыруы керек. Алайда әдетте бұл белгілер - сүт безі қатерлі ісігінің асқынған түрінде байқалады. Бастапқы кезеңде сүт безі қатерлі ісігі ешқандай белгі бермейтіндіктен, жыл сайын профилактикалық тексерістерден өту маңызды. 25-30 жастан кейін барлық әйел профилактикалық мақсатта жылына 1 рет сүт безін УДЗ-ға түсіру керек.
depositphotos.com
- Сүт безі қатерлі ісігі жасарып келе ме?
- Соңғы жылдары сүт безі қатерлі ісігі жасарып келеді. Біз мұндай тенденцияны ковидтан соң байқай бастадық. Оның тағы бір себебі - біздегі диагностиканың жақсаруы. Яғни бізде түрлі зерттеу әдістері пайда болғандықтан және бұл ауру жайлы көпке белгілі бола бастағандықтан, жас қыздар да тексеріске келе бастады. Сәйкесінше, сүт безі қатерлі ісігі ерте анықталып жатыр.
- Қатерлі ісікті қалай анықтайды?
- Бізде бірнеше аспаптық зерттеу бар. 40 жасқа дейінгі жас қыздар үшін ең бірінші әдіс - сүт бездерін УДЗ-ға түсіру. Сондай-ақ маммография бар: ол сүт безі қатерлі ісігін диагностикалаудың алтын стандарты. Бұл сүт безіндегі микрокальцинаттарды анықтауға көмектесетін жалғыз әдіс. Ал микрокальцинат басталып келе жатқан сүт безі қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін. Сонымен қатар контрастты мамография бар. Қатерлі ісікті сүт бездерін МРТ-ге түсіру арқылы да анықтауға болады. Бұлар сүт безі қатерлі ісігін анықтаудың визуалды әдістері. Яғни науқаста жаңа түзілім бар-жоғын көзбен көре аламыз. Ал оның шығу тегін білуге биопсия көмектеседі.
- Әдетте, әйелдерге үйден өзін-өзі тексеріп тұру ұсынылады. Өз-өзін тексеру арқылы қатерлі ісікті анықтау мүмкін бе?
- Сүт безі қатерлі ісігінің бастапқы кезеңінде немесе ісік 1 см-ден кіші болса, ешбір әйел және тәжірибелі онколог-маммолог оны қолмен ұстап қарап, анықтай алмайды. Иә, үйде әйел адам өзін-өзі тексеріп тұруы керек, бірақ жүйелі түрде маманға көріну керек.
- Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін емдеудің қандай әдістері бар?
- Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі жақсы емделеді. Бізде сүт безі қатерлі ісігін емдеудің халықаралық протоколдары қолданылады. Оперативті ем, химиотерапия, сәулелік терапия, иммунотерапия, гормонды терапия - Қазақстанда бұл емдеу тәсілдерінің барлығы қолданылады. Барлығы халықаралық стандарттар мен протоколдарға сай. Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін емдеуде жақсы нәтижелер бар. Бұл ауруды емдейтін жақсы мамандар жеткілікті. Бұл аурудан емделу үшін шетелге шығудың қажеті жоқ.
- Елімізде онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға психологиялық көмек көрсетіле ме?
Өкінішке қарай, Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарға көрсетілетін психологиялық қолдау дұрыс дамымаған. Бірақ жылдан жылға бұл тақырып жиі қозғалып жүр. Ірі онкологиялық диспансерлер мен ауруханалардың жанынан ашылған штатта психологиялық көмек көрсететін психолог-дәрігерлер бар. Бірақ бізде жиі жеке психологтар жұмыс істейді. Сондай-ақ кішкентай ауылдарда мұндай көмек көрсетілмейді. Бұл бағыт әлі дұрыс дамымаған.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Еске салайық, Қазақстанда әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші себебі - жатыр мойны обыры. Алматы онкология орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі жатыр мойны обырының алдын алу жолдарын атады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова