Көкшетауда әйел адамды көлікпен қағып өлтіру дерегі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Қайғылы оқиға 9 мамырда Көкшетаудағы тұрақтардың бірінде болған. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрда көлік тұраққа кіреберісте жол бойымен келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткені көрінеді.
Сот үкімі
Көкшетау қалалық сотында С.-ға қатысты қылмыстық іс (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) қаралды.
Сот мәліметінше, биыл мамырда С. көлік басқаруға құқығы болмағанына қарамастан, Көкшетауда көлік тізгіндеп, тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен.
Салдарынан жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болған.
Сотта С. жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан, жұбайының денсаулығы күрт нашарлауына байланысты және оның рұқсатымен көлік тізгініне отырғанын айтқан.
Жәбірленуші тарап сотта С.-ға материалдық және моральдық сипаттағы талаптары жоқ екенін, келтірілген залал толық өтелгенін, кешірім сұралғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
"Сот үкімімен С.-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда сотталған адамның екі баласы болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды", - деп жазылған хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова