- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әйел өмірден өткенде,...
"Әйел өмірден өткенде, молда "төркіндеген бе?" деп сұрайтын". Этнограф қызық дәстүрдің мәнін түсіндірді
Әлеуметтік желіде төркіндеп келген әжені қарсы алған бауырларының видеосы тарады. Кадрларда олар төркіндеп келген әжені гүлмен, шашумен, ән айтып, ал келіндер жағы иіліп сәлем салып қарсы алғаны көрінеді. Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасып бұл салттың мән-мағынасын сұрады.
"Қайын атамның жалғыз әпкесінің төркіндеп келуі", - делінген видео жазбасында.
@eldos_araii #рек #салт #дәстүр #қайынжұрт #төркін #рекпа? #❤️ ♬ оригинальный звук - Eldos_arai
Желі қолданушылары жантебірентер көрініске жылы лебіздерін жазған.
"Қыз баласын осылай қадірлеу керек", "Қандай керемет көрініс", "Төркіндеу салт-дәстүрі деген бар, сол ғой, әйтпесе алыста тұрмайды", "Көзіме жас келді", "Қандай күшті, жылағым келіп кетті", "Бұл әншейін төркінге қыдырып бару емес, қара шаңырақта отырған інісі апаларын көзі тірісінде осылай "төркіндетіп" кішігірім той жасаған", "Өнеге көрсетіп жүрген қарияларымыз аман болсын! Бауырдан асқан туыс жоқ", - дейді олар.
Журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде осы салт туралы жазды.
"Төркіндеп барған келіншек бірінші бір үйге түсіп, кейін әпке-сіңілісімен туған-туыстарына қонақ болып барады. Дишинкам "бұрынырақта үлкен апалар, келіншектер өмірден өткенде "төркіндеген бе?" деп молда сұрайтын" дейді. Үлгермей қалғандарды төркініне апарып, үш жерге қойып, "төркіндеді" деп айтып барып, бір-ақ жаназасын шығарыпты", - деп жазды журналист.
Болат Бопайұлы қазақ дәстүрінде бұрыннан бұл салт бар екенін айтады.
"Қазақ дәстүрінде бұрыннан келе жатқан ұзатылған қыздың (келіншектің) төркіндеуі деген тамаша салт бар. Ұзатылып кеткен қыз бір жыл өткен соң, балалы болған соң өз үйіне төркіндеп келеді. Ерекше жағдай болмаса, жыл толмай төркіндемейді. Ол - түскен жеріне судай сіңсін, балдай батсын, қайын жұртына үйренсін, сыйлы келін болсын деген жақсы жол. Кейде жер шалғай болса, онда 3-5 жылда да төркіндеп келетін болған. Қазақ ырымында төркіндеп келген қыздың алдынан шашу шашып, жар-жар айтып, қуанышпен қарсы алатын жақсы салт бар", - дейді этнограф.
"Қыз Жібек" фильмінен алынған кадр
Қазақ үшін қыз төркіндеп келуі шағын той іспетті болған екен.
"Ұзатылған қыз төркіндеп келе жатқанда, есік-босаға сықырлайды деп келген қызды төрге отырғызады. Ақ сары бас қой сойып, ауылдағы туыстарын шақырып, шағын той өткізеді. Ертіп келген жиеніне 40 серкеш мал таңбалап беріп, жиеннің де көңілін көтереді. Жиенге 40 серкеш, қызына сауынды бұзаулы сиыр беру "қызымыз бай, жиен бақытты болсын, бір қызымыз екеу болып үйге оралды, қызымызға ұзатылғанда, енші бергеніміз жоқ" деген ойдан шыққан. Қызға енші берілмейді. Сол еншіні жиенқорық деген ырым жасап береді. Бұл - төркіндеуде атқарылатын жол-жоралғылар", - дейді этнограф.
Де-Лазари Константин Николаевич
Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, әйел өмірден өткен шақта "төркіндеген бе?" деп сұраудың өз мәні болған. Алайда маман қазақ "өлім қайда болса, топырақ та сол жерден бұйырады" деп жерлегенін айтады.
"Ал әйел адам дүниеден қайтқанда, "бұл әйел төркіндеген әйел ме" деп сұрау "ол әйел туыстарынан қол үзген әйел ме, жоқ төркіндеп, туыстарымен берекеде өткен әйел ме? деген ұғымды білдіреді. Ал қайтқан әйелдің мәйітін ол үшін төркініне апармайды. Өлім қайда болса, топырақ сал жерден бұйырады деп қай жерде қайтыс болса, сол жерде жаназасын шығарып жерлейді. Үш жерге қойып, төркіндеді деп айтудың еш мәні жоқ. Ол - ойдан шығарылған жалған ырым. Бұрын ондай ырым болмаған", - дейді Болат Бопайұлы.
Еске салайық, бұған дейін этнограф Досымбек Қатран қолданыстан шыққан салт-дәстүрдің бірнешеуін тізіп, мағынасын түсіндірген еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Шешендік сөздердің жанрлық тектері қандай?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова