Әйел мен еркектің резус-факторы сәйкес келмеуі бала сүюге кедергі келтіретіні рас па?

Әйел мен еркектің резус-факторы сәйкес келмеуі бала сүюге кедергі келтіретіні рас па?
Фото: depositphotos.com

Дүниежүзіндегі халықтың шамамен 15 пайызының резус-факторы теріс. Мұндай әйелдер жүктілік мәселесіне келгенде көптеген аңызға сеніп, көңіл күйін түсіріп жатады. Алайда заманауи медицина бұл мәселенің шешімін таба алды. Massaget.kz тілшісі қанның резус-факторына қарай қандай ерлі-зайыптыларда бала болу мүмкіндігі төмен екенін гинеколог, репродуктолог Жібек Айдарқұловадан сұрады.

Резус-фактор - қызыл қан жасушаларының мембранасына енгізілген антиген. Бұл антиген әлемдегі адамдардың шамамен 85 пайызында бар, сондықтан олардың резус-факторы оң, ал қалғанында теріс.

Резус-конфликт дегеніміз не және ол неге қауіпті?

Жүкті әйелде теріс-резус, ал жолдасында оң-резус болса, сәби әкесінің резус-факторын алады. Ана мен ұрық қанының резусы бірдей болмай, сәйкес келмесе, резус-конфликт пайда болады. Яғни баланың оң-резус эритроциттері ананың теріс-резус қанына түскенде, әйелдің ағзасы оларды бөтен зат ретінде қабылдайды. Ағза өзін қорғау үшін "қауіпті" жоюға арналған антиденелер шығарады. 

"Антиденелер ұрықжолдас арқылы баланың қанына еніп, оның эритроциттерін бұза бастайды, бұл оттегінің жетіспеушілігіне - гипоксияға әкеп соқтырады. Егер бұл жүктіліктің ерте кезеңі болса, онда балада дамудың артта қалуы немесе мүлде дамымауы мүмкін, егер антидене өте көп болса, бұл тіпті ұрық дамымай, іште өліміне әкеп соқтырады. Сондай-ақ резус-конфликттен аман қалған сәбиде дүниеге келгеннен кейін сарғаю, анемия болуы мүмкін. Алайда заманауи медицинада бұл жағдай өте жақсы бақыланады, яғни үшінші триместрде теріс Rh-факторы бар әйелге резусқа қарсы иммуноглобулин инъекциясын салады. Соның арқасында әйел мен баланың жағдайы жақсы болады", - деді дәрігер. 

Фото: depositphotos.com

Резусқа қарсы инъекция баланың денсаулығына қалай әсер етеді?

Иммуноглобулиннің өзі ұрыққа қауіп төндірмейді.

Керісінше, оның салынбауы сәбидің өміріне айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін:

  • Ұрықта гипоксия дамитын тіндер мен мүшелерге оттегін беретін эритроциттердің саны азаяды. Оттегі ашығуы, ең алдымен, ми мен жүрекке әсер етеді, билирубин жоғарылайды, бұл интоксикацияны тудырады.
  • Бауыр мен көкбауыр эритроциттерді көбірек шығара бастайды, бұл олардың дамуында патологияны тудырады.
  • Қан құрамындағы эритроциттер санының көбеюіне байланысты теңгерімсіздік пайда болады, бұл гемолитикалық анемияның, жұлынның даму патологиясының пайда болуына әкеп соқтырады.

Қалай болашақтағы резус-конфликттің алдын аламыз?

Бала туғаннан кейін бірден резус-факторына қан анализі тапсырылады. Егер ол теріс-резусты болса, бұдан кейін ештеңе істеудің қажеті жоқ, өйткені резус-конфликт болмаған. Ал оң-резусты болса, баланың анасына тағы да резусқа қарсы иммуноглобулин салынады. Бұл болашақ жүктіліктегі резус-конфликттің алдын алады.

"Көбінесе бірінші жүктілікте резус-конфликт болмайды, өйткені әйел ағзасы бөтен ақуызбен алғаш рет "танысады" және өндірілген антиденелердің мөлшері аз болады. Бірақ кейінгі жүктілікте ағза бөтен антигенді тез "есіне алып", антиденелерді көбірек өндіреді", - деді репродуктолог.

Фото: depositphotos.com

Нәрестенің жағдайын қалай бақылаймыз?

Бала дүниеге келгеннен кейін қан тобы мен резус-факторын анықтаудан басқа, бірден оның қанындағы билирубин деңгейі өлшенеді. Егер бұл зат белсенді түрде өндірілсе, жүктілік кезінде ұрықтың қан жасушаларына шабуыл жасалған деген сөз. Билирубин деңгейінің жоғары болуы гемолитикалық аурудың белгісі болуы мүмкін. Терінің түсі, бұлшықет тонусы, сору рефлексі бағаланады. Егер барлық көрсеткіш қалыпты болса, жаңа туған нәресте анасымен қалады, оған әдеттегідей жоспарлы вакцинация жасалады. Егер билирубин деңгейі қалыптыдан жоғары болса, дәрігерлер жағдайды бақылайды. Гемолитикалық аурудың даму белгілерімен емдеу тағайындалады.

"Гемолитикалық ауру әртүрлі көрінеді, кейде әлсіз, кейде күшті. Орташа алғанда, ол 7 күн ішінде көрінеді. Егер баланың жағдайы тұрақталса, үйге шығарылады. Егер нашарласа, дәрігерлер емдеудің екінші кезеңіне өтеді. Ата-аналар үрейленбегені дұрыс, мұндай дүние уақытылы анықталса, жағдайды түзетуге болады", - деп түсіндірді Жібек Айдарқұлова.

Фото: depositphotos.com

Резусы-теріс әйелдердің жүктілігін бақылау

Бірінші кезең, резус-теріс қаны бар әйелдерде жүктілік кезінде ай сайын резусқа қарсы антидене санын анықтау қажет. Олар болмаған жағдайда жүктіліктің 28 аптасында резусқа қарсы иммуноглобулинді енгізу арқылы резус-конфликттің алды алынады.

Резусы-теріс әйелдерге резусқа қарсы иммуноглобулинді баладан анаға қан түсу қаупімен қатар жүретін рәсімдер жүргізілгеннен кейін ғана тағайындау қажет:

  • жасанды түсік түсіру немесе өздігінен түсік түсіру;
  • эктопиялық жүктілік;
  • инвазивті диагностика;
  • жүктілік кезінде қан кету;
  • жүкті әйелдің ішінің жабық жарақаты;
  • жамбас өзгерісі кезінде ұрықтың сыртқа айналуы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә