- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әйел күйеуінің соққысынан...
Әйел күйеуінің соққысынан ауруханада қайтыс болған: полиция пікір білдірді
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері Желіде "күйеуінің соққысынан зардап шеккен елорда тұрғыны ауруханада қайтыс болды" деген хабарламаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі атын жасырып телефон соққан әйелдің мәлімдемесін жеткізді. Оның айтуынша, Астана тұрғыны күйеуінің соққысынан №2 ауруханада қайтыс болған.
"Оны ес-түссіз алып келді, есін жимастан қайтыс болды. Бұл - ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, өлгенше ұрып-соғу. Аты-жөні Зульфия, 1991 жылы туған, өзі жетім, артында екі баласы қалды", – деді Таңсәрі.
Ол ер адам ауыр жазадан құтылып кете ме деп қорқады, өйткені оның әрекеті өлімге әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын салу ретінде сараланған.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері белсендінің үндеуіне жауап берді. Олар Астана тұрғынының қайтыс болғанын растағанымен, соққыға жығылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Полиция қызметкерлері бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
"Көрнекі тексеру кезінде көзге көрінетін дене жарақаттары анықталмады. Тергеу аясында бірқатар сараптама тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті шара қабылданып жатыр. Қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады. Бұл отбасындағы тұрмыстық жанжал бойынша полицияға ешқандай өтініш немесе арыз түспеген", - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеп-тексеру мүддесі үшін соталды тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек