- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әйел көп еркекпен...
"Әйел көп еркекпен жатса, инфекция таратады". Желіде тараған видео дау тудырды
"Бір ер адам бірнеше әйелмен жыныстық қатынасқа түссе, инфекция тарамайды, ал бір әйел көп еркекпен болса, инфекция тарайды" деп айтқан ер адамның видеосы тарады. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі ер адамның ойына келіссе, енді бірі қарсылығын танытты. Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты гинеколог, уролог мамандардан пікір алды.
Бұл видео отбасы коучі Жанәділ Райымбековтың әлеуметтік желідегі парақшасында пайда болды.
"Әйел бірнеше еркекпен қосылса, міндетті түрде инфекция таратады. Ал еркек көп әйелмен қосылса да, ешқашан таратпайды. Бұл ғылыммен дәлелденген. Инфекция қайдан пайда болған? Әйел адам бөтен еркекпен қосылғанда инфекция пайда болады. Бұл жерде ешқандай күмән жоқ", - дейді ол.
Massaget.kz тілшісі бұл туралы гинеколог және уролог мамандармен сұхбаттасып көрді. Гинеколог Айсұлу Жанаеваның айтуынша, жыныстық қатынасқа бір ғана адаммен түсетін серіктестер арасында инфекция тарамайды.
"Негізі бұл кісі дұрыс айтып отыр, бірақ дұрыс жеткізе алмай отыр. Ер адам мен әйел адам тұрақты түрде тек бір-бірімен жыныстық қатынасқа түссе, екеуінің арасында инфекция тарамайды. Себебі оларға инфекция ортақ. Ал ер адам не әйел басқа біреумен болып, қайта сол адаммен болса, инфекция тарайды. Өз инфекциясына қосымша инфекция қосылады. Егер әйел де, ер адам да әркіммен болса, инфекция таратады. Мұнда тек әйел не ер адам таратушы деген сөз жоқ", - деді ол.
Ал гинеколог Әйгерім Абшекенованың айтуынша, инфекция жыныс таңдамайды.
"Жыныстық инфекциялардың екі түрі болады. Ол патогенді флораны қоздыратын инфекциялар. Хламидия, Сифилис сынды күрделі инфекциялар бар. Олар микробтар арқылы тасымалданады. Микробтар жыныс таңдамайды. Ер азамат болсын, әйел адам болсын, әр адам инфекция таратуы мүмкін. Грипп, пневмония сынды микроб жынысқа байланысты емес. Бір адамда инфекция болса, ол жыныстық қатынас кезде келесі адамға жұғуы мүмкін. Келесі инфекция шартты түрде патогенді флора арқылы қозады. Бұл микробтар ағзада үнемі болады. Адамның иммунитеті түскен кезде бұл микробтар қозып, шағым беруі мүмкін. Оларды ағзадан толық шығару мүмкін емес. Иммунитет жақсарғанда олар белсенді болмай қалады. Егер адам тұрақты бір серіктеспен жыныстық қатынасқа түссе, инфекция тарамайды. Ал қатынасқа түскен қандай да бір адамда инфекция болса, онда ол тарайды", - дейді маман.
Ал уролог Ернұр Айниев бұған қарсы пікір айтты.
"Әркім өз ісімен айналысуы керек қой. Бұл жерге инфекцияны қосудың қажеті жоқ. Инфекция әйелде болса, еркекке жұғады. Еркекте болса, әйелге жұғады. Егер еркекте инфекция болса, төрт әйелге де жұқтыруы мүмкін. Бір әйелде инфекция болса, ол да төрт еркекке жұқтыруы мүмкін", - деп жауап берді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек