"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook-парақшасында Батыс Қазақстан облысында болған жағаұстатарлық жайт туралы айтты. Оның сөзінше, ер адам бұрынғы әйелін аяусыз ұрып, салдарынан әйел адам жатырынан айырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" басылымына сілтеме жасап.
Дина Таңсәрінің сөзінше, әйел адам қорға жүгінгенге дейін ер адамға қатысты тіпті әкімшілік іс те қозғалмаған.
"Әрең дегенде Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйелдің бұрынғы күйеуі ішкіш болған, қамауға алынбаған, сотқа келмей, әйеліне қоқан-лоқы көрсетіп, аңдып жүрген. Прокурор үш жыл сұраған. Әйел жатырынан, бала туу мүмкіндігінен айырылып, денсаулығына зақым келген", - дейді қоғам белсендісі.
Басылым мәліметінше, істі БҚО Теректі аудандық соты қараған. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам әйелімен сөзге келісе алмай, соққыға жыққан. Ол үш жылға қамауға алынды. Одан бөлек, зардап шеккен әйелге 1,5 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуі керек.
Сот үкімі әлі күшіне енбеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!