Антальядан Мәскеуге ұшып келген 30 жастағы турист Шереметьево әуежайының ұшып келу аймағындағы дәретханада босанған. Кабинаның есігі ашылған кезде іштен жаңа туған сәбидің денесі мен қансырап жатқан әйел табылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Baza-ға сілтеме жасап.
Әйелдің жағдайы ұшақта-ақ нашарлаған. Әуежайға келген соң ол дәретханаға кіріп, сол жерде ұл баланы дүниеге әкелген. Куәгерлердің айтуынша, босанғаннан кейін әйел кабинадан шықпай, еденде отырып, есікті аяғымен тіреп алған.
Айқай мен едендегі қанды көрген адамдар оған көмек керек пе екенін сұраған, алайда әйел көмектен бас тартқан. Куәгерлер сәбидің жылаған дауысын естігенін айтады. Алдын ала мәлімет бойынша, анасы нәрестенің аузын қағазбен жауып, кейін қоқыс жәшігіне тастаған.
Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнынан ана мен баланың денесі табылғаны хабарланды. Басқа нұсқа бойынша, босанған әйел қатты қан кету салдарынан ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.
Сәбидің нақты неден көз жұмғаны әлі анықталып жатыр. Сарапшылар нәрестенің өлі туған болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеріп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz