Ақтөбе тұрғыны алаяққа сеніп, ақшасынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция бөліміне 57 жастағы азаматша келіп, белгісіз біреу оны 300 мың теңгеге алдағанын хабарлаған. Белгісіз нөмірден оған өзін әлеуметтік қызметтің қызметкері ретінде таныстырған әйел қоңырау шалған. Бейтаныс адам оған екі бөлмелі пәтер тиесілі екенін, алайда үйдін құжаттарын рәсімдеу үшін 300 мың теңге төлеу керегін айтқан. Алаяққа сенген әйел қажетті соманы көрсетілген шотқа аударған. Ақша аударылғаннан кейін әлеуметтік қызметтің қызметкері байланысқа шықпаған.
"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті азамат кінәсін толықтай мойындады. Өзін әйел ретінде таныстырғанын және әйел даусымен сөйлескенін түсіндірді", - делінген хабарламада.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе облысы Полиция департаменті алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға кеңес береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!