Әйел дәрігерлерді 14 жастағы ұлын ауыр халге түсірді деп айыптады

Әйел дәрігерлерді 14 жастағы ұлын ауыр халге түсірді деп айыптады
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысында жалғызбасты ана дәрігерлерді немқұрайлық танытты деп айыптап отыр. Оның айтуынша, бұл салғырттық 14 жастағы ұлының ауыр халге түсуіне себеп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі OTYRAR-ға сілтеме жасап.

14 жастағы Камран Исламовқа IV сатыдағы Юинг остеосаркомасы, метастаздармен деген диагноз қойылған. Анасы дәрігерлер ұзақ уақыт бойы қажет тексерулер тағайындамай, тек ауырсынуды басатын дәрілермен шектелгенін айтып, енді әділ тергеу жүргізуді талап етіп жатыр.

Гүлнара Ханалиеваның сөзінше, ұлында алғашқы белгілер биыл қаңтарда пайда болған.

"Ауруханаға барғанда балам аяғы ауыратынын айтты, бірақ дәрігерлер оған тек ауырсынуды басатын май мен "Кеторол" дәрісін ғана берді. Ол сол дәрілермен жүрді. Кейін мектепте бір бала аяғына тепкен сияқты. Үйге келген соң да аяғы ауыруын қоймады. Қайтадан ауруханаға барды. Алғашқы дәрігер орындықтан да тұрмай, аяғын қарамай, рентгенге жібермеді, тағы да ауырсынуды басатын дәрі жазып берді", – дейді ол.

Уақыт өте келе аяғында ісіктер мен көгерулер пайда болып, ауру асқына берген. Осы кезде әйел Ресейде келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген. Жағдайдың ауырлығын естіген соң елге оралып, барлық мекемеге шағымдана бастаған.

Диагноз қойылған сәтте дерт төртінші сатыға өтіп, миға және сүйек кемігіне метастаз берген. Камран екі курс химиятерапиядан өтті, алда ұзақ ем күтіп тұр. Дегенмен отандық та, шетелдік те дәрігерлер ешқандай кепілдік бермей отыр.

"Мен бұл дәрігерлерге сенбедім. Төрт ай бойы ауырып жүр, бірақ еш өзгеріс жоқ. Сосын оны ақылы түрде "Рощаға" апардым. Ол жерде КТ жасады, содан остеосаркома анықталды. Дәрігерлерді немқұрайлығы үшін жазалауды талап етемін, балам аяғына тұруына көмектессін деймін. Бірақ ешбір дәрігер оның өмір сүретініне кепіл бермейді", – дейді Гүлнара Ханалиева.

Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, қаңтарда балада онкологиялық дертке тән нақты клиникалық белгілер болмаған. Алғашқы шағымдары жалпы сипатта болып, әртүрлі ауруға сай келуі мүмкін еді. Ведомство мәліметінше, дәрігерлер бекітілген стандарттарға сай әрекет етіп, қажет тексерулерді жүргізген.

"Аурудың әдеттен тыс өрбуі және айқын белгілерінің болмауына байланысты диагноз тек қосымша тексерулер жүргізілген соң, арнайы медициналық мекемеде қойылды. e-Өтініш порталы арқылы баласына сапасыз медициналық көмек көрсетілгені жөнінде шағым түсті. "Сайрам орталық аудандық ауруханасының" басшысының міндетін атқарушының бұйрығымен қызметтік тексеру жүргізу үшін комиссия құрылды. Тексеру қорытындысы заңда белгіленген мерзімде шағым иесіне хабарланады", – деп мәлімдеді басқармада.

Қазір Гүлнара ұлының өмірі үшін жанталасып жүр. Ол әділ тергеу жүргізіліп, мүмкін болған немқұрайлыққа кінәлілер жазалануы керек дейді. Оның мақсаты – басқа отбасылардың да осындай қайғы мен дәрігерлердің бейқамдығына тап болмауы. Әр күн олар үшін – уақытпен, еммен және Камранның қайтадан аяғына тұрып, толыққанды өмір сүру үмітімен арпалыс.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget