Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев әйел адам өмірге бала әкелгеннен кейін көзге шөп салу жиілеп кететінін айтты. Психолог бұл жағдайды қалай өзгерту керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ортада бала пайда болған кезде екеуі алшақтап кетеді. Бала мен ана бөлек, әке өз алдына бөлек болып қалады. Тіпті статистика бойынша, әйел босанғаннан кейін көзге шөп салу деректері жиілеп кетеді. Ажырасу, жанжал осы уақытта көп болып кетеді", - дейді психолог журналист Арай Әлімханға берген сұхбатында.
Ол бұл модельді қалай ауыстыру керегін түсіндірді.
"Бала өмірге келгеннен бастап әке бала тәрбиесіне, ана мен бала деген жұптың ішінде үшінші тарап ретінде қосылуы керек. Сөйтіп бұл жұп емес, үшбұрыш болуы керек – әке-ана-бала. Иә, баланы емізе алмайсың, бірақ қолыңда ұстап, баланы әлдилеп жүре аласың немесе баланың жаялығын ауыстыра аласың. Түнде балаға кезекпен қарау керек. Бірге жиі серуендеу керек. Әкенің ерте жастан бастап бала тәрбиесіне араласуы ер азамат үшін пайдалы нәрсе", - дейді психолог.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!