- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әйел алғашқы жүктілікке...
Әйел алғашқы жүктілікке қалай дайындалуы керек? Қазақстандық гинеколог маңызды сұрақтарға жауап берді
Қазіргі кезде психикалық-сөйлеу дамуында кешігуі, аутизм белгілері бар немесе кеш сөйлейтін балалар көбейген. Мамандар мұндай диагноз дамуының ең негізгі себебінің біріне әйелдің жүктілікке дайындалмауын жатқызады. Бұдан бөлек, әйелдің де денсаулығы да нашарлап, сыр беруі мүмкін. Сондықтан кез келген әйел жүктілікке байсалдылықпен қарауы шарт. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі әйел алғашқы жүктілікке қалай дайындалуы керегін гинеколог Айдана Қазиева айтып берді.
Қыз баласы тұрмысқа шықпас бұрын, қандай анализдер тапсырып, дайындалуы керек?
Гинеколог ең алдымен маманның нұсқаулығынсыз өз бетінше емделуге тырыспауға шақырды, өйткені әр адамның ағзасы әртүрлі. Білікті маман науқастың ағзасы туралы барлық ақпаратты білгеннен кейін ғана, отбасы құратын екі тарап мерез (сифилис), соз (гонорея), ұшық (герпес), гепатит С және жыныстық қатынас арқылы жұғатын басқа да инфекцияларға анализ тапсыруы қажет.
"Қандай да бір анализді әр адам өз алдына тапсырып, оны интернеттен оқып алған білімі арқылы емдеуге тырысуы дұрыс емес. Дәрігердің кез келген науқасқа қоятын ең бірінші сұрағы - "сізді не мазалайды?" болады. Яғни, әйел анализ тапсырмас бұрын өзін не мазалап жүргенін біліп алу керек. "Тез шаршай ма? Әлсіздік бар ма? Ішкі ағза құрылыстарында ыңғайсыздық болмай ма? Етеккір уақытылы келе ме? Келгенде ауыру сезімдері бола ма?" және осыған ұқсас науқастың ағзасымен танысуға көмектесетін сұрақтар желісі жалғасады. Әйел өз бетінше анализ тапсырып, ем қабылдауға тырыспағаны жөн. Сондықтан гинеколог қабылдауына жазылып, қандай анализдерге көрсеткіш бар екенін тексеру керек. Гинеколог науқастың ағзасымен толық танысып, қажет анализдер тағайындайды. Отбасы құрудан бұрын тек қыз емес, екі тарап та мерез (сифилис), соз (гонорея), ұшық (герпес), гепатит С және жыныстық қатынас арқылы берілетін басқа да инфекцияларға анализ тапсырып, өзінің "таза" екенін біліп алғаны абзал. Ал қандай да бір инфекция шықса, отбасылық өмірді бастаудан бұрын ем алғаны дұрыс", - деді маман.
Жүктілікті жоспарлау кезінде медициналық тексеріс қандай этаптардан тұрады?
Маманның айтуынша, жүктілікке дайындықты 6 ай бұрын бастаған абзал.
"Жүктілікке бір жыл бұрын жоспарлап, дайындалса, тіптен жақсы.
Бірінші кезекте, гинеколог қабылдауына барып, жүктілікке кедергі болатын инфекциялардың бар-жоғын тексереді.Екінші кезекте, жолдасы да шәуетграммаға анализ тапсырып, екі тарап та физикалық тұрғыдан дүниеге сау ұрпақ алып келуге қаншалық дайын екеніне көз жеткізеді.
Егер бәрі жақсы болса, үшінші кезекте эндокринолог қабылдауына жазылады. Себебі жүктілік кезінде көпшілік әйелді токсикоздан зардап шегеді. Жақсы эндокринологтан ем алсаңыз, жүктілік жеңіл өтіп, ешқандай токсикозды сезбеуіңіз мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Әйелдің диетасы жүктілікке қалай әсер етеді?
Айдана Қазиева әйел сені сау ұрпақ сүюі үшін қалай тамақтануы керегін түсіндірді. Оның айтуынша, әйел фастфуд, газды сусын, алкогольді ішімдіктер секілді зиян өнімдерді тұтынса, ол жүктілік кезіндегі токсикоздың өршуіне септігін тигізеді.
"Егер әйел фастфуд, газды сусын, алкогольді ішімдіктер тұтынатын болса, жүктілікке кері әсерін тигізеді. Яғни, дұрыс тамақтанбайтын әйелдер жүкті кезде ең алдымен токсикоздан қиналады. Себебі, асқазан ішек жолдары жүкті әйел үшін ең маңызды органның бірі. Кандида, гарднерелла секілді жүктілікке кедергі болатын бактериялар әдетте тәтті және ұннан дайындалған тағамдарды көп тұтынғаннан пайда болады. Бұл өз кезегінде астыңғы жақтың ашып, қышуына, түрлі қынаптық бөліністің бөілнуіне себеп болуы мүмкін. Тіпті, кейде түсік тастауға әкеп соқтырады. Мұндай ауыр салдардың алдын алу үшін ең алдымен тәтті, ұннан дайындалған, майлы тағамдарды рационнан шығарып, оның орнына ет, балық, түрлі көкіністер мен жемістерді көбейткен дұрыс", - деді ол.
Токсикоздың алдын алу мүмкін бе?
Токсикоздың алдын алуға болады, ол үшін жүктілікті жоспарлау кезінде гинеколог және гастроэнтерологтың кеңесуін алу қажет.
"Токсикоз әр әйелде әр түрде болады, сондықтан мәселеге жеке-жеке қарау керек. Жүктіліктің алғашқы апталарында токсикоз басталған кезде, гинеколог кеңесін алып, тиісті анализдер тапсырып, оның нәтижесі бойынша токсикозды басатын дәрумендер қабылдауға болады.
Фастфуд, газды сусындар, майлы тамақтарды тұтынғаннан асқазан ішек жолдарында шлак жиналады, бұл жүкті кезде токсикоздың пайда болуына әсер етеді. Оның алдын алу үшін жүктілікті жоспарлау кезінде гинекологқа бару керек", - деді маман.
Босанған әйелдің күтімі жайлы
- Босанған әйел ең алдымен көбірек демалу керек;
- Ауыр салмақ көтеруіне болмайды;
- Жеке гигиенаға аса назар аударуы шарт (Күніне бір рет іш киім ауыстырып, душ қабылдауы қажет);
"Қазақ қоғамы босанған әйелді бірден үй тірлігіне салады, шай құйғызады. Ол дұрыс емес. Босанған әйел көбірек аяқ созып жатуы керек, өйткені ішкі ағзалар қалыпты орнына келеді. Жаңа туған әйелдің ағзасы 6-8 аптада қалыпқа келеді. Осы уақыт аралығында барынша күтінген дұрыс. Сонымен қатар, етеккір тоқтағанда гинеколог қабылдауына барып, бір тексеруден өтуге кеңес беремін", - деп қорытындылады Айдана Қазиева.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бишімбаев қандай жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә