- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әйел адамның жасы...
"Әйел адамның жасы маңызды". Дәрігер ЭКО жасатуға қатысты басты сұрақтарға жауап берді
Бүгінде ЭКО жасату - бала сүйе алмай жүрген жұптарға үміт сыйлайтын мүмкіндік. Әрине, ЭКО арқылы 100 пайыз балалы болып кету мүмкін емес. Бірақ күні бүгінге дейін ЭКО арқылы бала сүйген отбасы қаншама. Репродуктолог дәрігер Әйгерім Темірханқызы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында ЭКО жасатуға қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.
ЭКО-ны жасатуға шешім қабылдаған отбасы ең алдымен нені білуі керек? Процесс қалай жүреді?
ЭКО жасайтын кезде мамандар жыныстық клетканы алады. Ол - аналық жасуша, аталық жасуша.
"Ол адам ағзасынан бөлек өспейді. Ағзаның ішінде болады. Сондықтан ЭКО жасатар алдында ең маңыздысы - аналық жасуша мен аталық жасушаның сапасын жақсарту үшін ағзаны түгел жақсарту керек. Яғни ағзадағы әртүрлі тапшылықты ретке келтіру керек, зиян әрекеттерден арылу керек, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс. Тамақтануды ретке келтіріп, дұрыс тамақтану қажет. Сол кезде жыныстық жасушалар сапалы болып, ЭКО-ның сәтті аяқталуының ықтималдығы жоғары. Процесс бүкіл ағзаны зерттеуден басталады", - дейді Әйгерім Темірханқызы.
Фото: Pixabay.com
Репродуктологтың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша ерлі-зайыпты тапсыратын анализдер тізімі бар. Ерлі-зайыптылар мамандардың тексерісінен өтіп, қандай да бір созылмалы ауру бар-жоғын анықтау қажет. Осылайша ЭКО-ға дайындық басталады. Ағзада қандай да бір ақау байқалса емдеп болғаннан кейін ғана жасанды ұрықтандыру процесі басталады.
"ЭКО стимуляциядан басталады. Ол етеккірдің екінші-үшінші күнінен басталады. Әйел адамның ішіне укол салынып, гормоналды ынталандыру (стимуляция) болады. Фолликулдарды өсіре бастаймыз. 2-3 күн сайын УДЗ арқылы фолликулдардың өсу процесі қалай болып жатқанын, ынталандыруға қалай жауап беріп жатқанын анықтаймыз. Фолликулдар жақсы "пісіп", жетілгенін көрген кезде пункцияға дайындаймыз. Наркоз арқылы аналық жасуша алынып, сол күні ер адам өзінің шәуетін тапсырады. Сол күні ұрықтандыру процесі басталады.
Шамамен 3 немесе бесінші күні дайын эмбрионды жатыр қуысына салып береміз. Бес күнге дейін эмбрион инкубаторда мамандардың қарауында болады. Ал екі аптадан кейін тест және қан тапсыру арқылы жүктілік пайда болғанын не пайда болмағанын анықтауға болады", - дейді маман.
Әрине, ЭКО арқылы 100 пайыз балалы болып кетесіз деген кепілдік берілмейді. Дәрігерлер тек себепші. Әйгерім Темірханқызының сөзінше, ол әйел адамның жасына байланысты.
"Ең жоғары тиімділік пайызы - 40-45 пайыз. Ол кепілдік 35 жасқа дейін, дені сау, фолликулдар саны жақсы қыздарға. Тиімділікті төмендететін факторлар пайда болса, жас ұлғая келе ЭКО сәтті аяқталады деген болжам төмен болады. 40 жастан кейін кепілдік пайызы 15 пайызға дейін түседі. Ал 42 жастан кейін 10 пайызға төмендейді. Сондықтан әйел адамның жасын назарға алу керек", - дейді репродуктолог.
Фото: Pixabay.com
Себебі жас ұлғая келе аналық жасушаның сапасы төмендейді. Ал ер адамның жасы қатты әсер етпейді.
"Себебі ер адамдарда әр жеті күн сайын шәует жаңарып тұрады. Әйел адам өмірге келгенде фолликулдардың белгілі бір саны болады, сол ай сайын ғана алынып тұрады. Ал уақыт өте келе олардың сапасы төмендейді және сапасы төмен эмбрионның пайда болуына әкеліп соғады. Статистика бойынша үш бағдарламаның біреуі сәтті аяқталуы керек", - дейді Әйгерім Темірханқызы.
ЭКО арқылы өмірге келген бала табиғи жолмен өмірге келген баладан айырмашылық бола ма? Оларда қандай да бір ерекшелік бола ма?
Әйгерім Темірханқызының сөзінше, ЭКО бағдарламасы пайда болғалы бері бұл сұрақ көп адамды алаңдатады.
"ЭКО арқылы өмірге келген бала қандай болады? Олардың дені сау бола ма? Ерекше бола ма? Бұл сұрақтарға қатысты көп ғылыми зерттеу жасалған. Шет елдерде ЭКО арқылы туған балалардың тізімі болады. Оларда қандай да бір ауру пайда болса, тіркеледі. Сол деректерге сенер болсақ, ЭКО арқылы өмірге келген балалардың табиғи жолмен өмірге келген балалардан айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар, ЭКО арқылы туған балаларда мына ауру жиі кездеседі деген қағида жоқ. Керісінше, ЭКО-ға дайындалатын ата-аналар тексерістен өтеді. Созылмалы ауруларды емдеп, тапшылықтарды ретке келтіріп, дайындалып келетіндіктен балалары өмірге сау болып келеді. Себебі ата-анасы қатты күтінеді", - дейді маман.
Сондықтан ЭКО арқылы өмірге келетін балалардың ешқандай айырмашылығы не ерекшелігі жоқ.
Фото: Pixabay.com
Бір әйел ЭКО-ны қанша рет жасата алады?
Бір әйел қанша рет ЭКО жасатқысы келсе, сонша рет жасай алады. Ол үшін психологиялық тұрғыда дайын болу маңызды.
"Себебі ЭКО ерлі-зайыптыға физикалық тұрғыдан емес, психологиялық тұрғыда әсер етеді. Себебі ЭКО теріс нәтиже берген кезде әйел адамдарға өте қиын әсер етеді. Себебі олар сонша жыл үмітпен күтеді, бала сүйе алмай жүргендіктен қолын сілтеп, тоқтап қалуы мүмкін. Бірақ физикалық тұрғыда ЭКО-ны қанша жасай алса жасата берсе болады. Мысалы Израильде халық денсаулығына қатты назар аударылады. Сол елде әйел адамдарға ЭКО-ны тегін жасауға болады. Сондай-ақ бала өмірге келгенге дейін жасалатын ЭКО-ны мемлекет төлеп береді", - дейді репродуктолог.
Қазақстанда орта есеппен ЭКО жасату құны қанша?
Әйгерім Темірханқызының сөзінше, Қазақстанда ЭКО жасату құны дүние жүзіндегі арзан баға деп айтуға болады. Тіпті шетелден біздің елге келіп ЭКО жасатып жатқан азаматтар өте көп екен.
"ЭКО жасату процесі кезінде дәрі-дәрмектер беріледі. Ал ол дәрілердің бағасы кем дегенде 400-500 мыңдай. Себебі дәрілер шетелден келеді. ЭКО жасатудың өзі 500 мыңдай. Сондықтан бәрін есептей келе ЭКО жасату орта есеппен 1,2 миллион теңгедей болады", - дейді маман.
ЭКО жасатуға квота алу үшін не істеу керек?
Президенттің жарлығымен "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылған болатын. Сол бағдарлама бойынша жыл сайны 7 мың квота беріледі. Яғни жыл сайын 7 мың әйелде тегін ЭКО жасатуға мүмкіндігі бар.
"Бұған дейін квота ретінде жыл сайын тек 1 мың орын беріліп отырған. Бұл бағдарлама әйел адамдар үшін жақсы мүмкіндік. Квота алу үшін АМГ гормоны 1-ден жоғары, ФСГ гормоны 12-ден төмен, ал фолликула саны 5-6-дан кем болмауы керек. Квота алғысы келетін әйел адамдар репродуктолог маманнан кеңес алып, қорытында алады. Ол қорытындыны жергілікті емханаға апарып, кезекке тұрады. Кезегі жеткен кезде әйел адам өзі таңдаған репродуктология орталығына барып, ЭКО-ны тегін жасатуға мүмкіндік алады. 2021 жылдан бері "Аңсаған сәби" бағдарламасымен 2 мыңнан аса бала өмірге келді", - дейді Әйгерім Темірханқызы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина