Әйел адамға ұятсыз хаттар жазды деген Садықов мәлімдеме жасады

Әйел адамға ұятсыз хаттар жазды деген Садықов мәлімдеме жасады
Фото: parlam.kz

Әйел адамға ұятсыз хаттар жазды деген Асқар Садықов мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, 4 қыркүйекте "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев депутат Асқар Садықов не үшін партиядан шығарылғанын түсіндірген болатын.

Перуашевтің сөзінше, партия атына Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түскен, онда айтылған жайттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылған. Сонымен қатар Перуашев Садықов әйел адамға ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткенін айтты.  Асқар Садықов осыған қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Ол жалпы "халық игілігі үшін жұмыс істеп жүргенін" айтты. 

"Мен алты баланың әкесімін және Азат Перуашевтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірейін деп едім. Мені лас ойындарыңыз бен манипуляцияларыңызға араластырмауды сұраймын. Мен енді үнсіз қалмаймын. Оның мәлімдемесі партия жетекшісінің деңгейіне сай келмейді. Бірақ Азат Перуашевтің өзі халықты адастырған кезі де болған. Оның жұмыс стилі сондай болса керек. Азат Перуашев, егер мені партиядан шығарғыңыз келсе басқа дәлелдер келтірсеңіз болар еді, бірақ сізде ол да жоқ. Олар менің қызметіме нұқсан келтіреді. Менен әлі күнге дейін түсініктеме алынған жоқ. 

Екіншіден, партия басшылығы бұл жайт туралы маған ескертпеді. Үшіншіден, бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ. Сіздің мәлімдемеңізді оқып таңғалып отырмын. Бірақ сіздің бұған дейінгі жалған мәлімдемелеріңіз БАҚ-тың есіне түседі деп ойлаймын. Азат Перуашев осы ақпарат арқылы өзінің орынбасары жемқор деген ақпаратты жасырып қалғысы келген болар. Менің ойымша, Азат Перуашев, сіз мақсатыңызға жеттіңіз", - дейді Садықов. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Аскар Садыков (@askar_sadykov)

Еске салайық, кеше Азат Перуашев депутат Асқар Садықовтың партиядан шығарылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

"Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын.

"Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам Асқар Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып, арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде уатсабына Асқар Садықовтан келген хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептерге байланысты оның бопсалауына тап болған әйелдің есімі жасырылған)", - дейді Перуашев.

Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарға жауап бермей, елемеген екен.

"Алайда 15 мамырда ұсыныстар тағы қайталанған және әйел адамның айтуынша, Асқар Садықов жүйелі түрде басқа күндерде де жыныстық бопсалауды жалғастырған. Бірақ Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты, харассментке тап болған жәбірленуші құқық қорғау орнына жүгіне алмаған.

Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіме жауап ретінде Асқар Садықов "өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін" айтты. Сондықтан біз бұл кедергіні алып тастадық, ал Асқар Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім әйел адамға ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді", - делінген жазбада.

Перуашевтің сөзінше, Садықовтың лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданған екен. 

"Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Көріп отырғандарыңыздай, өте лас жағдай болған. Біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құқым жоқ еді. Алайда біздің үнсіздігімізді біреулер басқаша түсінген сияқты, сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, "шындық" үшін жазым болғандай қылып жеткізген Асқар Садықов та соған себепші. Бұл "шындықтың" да шынайы бет жүзін көрсетуге мәжбүрміз, одан басқа да эпизодтар мен құжаттар жетерлік", - дейді Азат Перуашев.

Пленум нақты фактілерге сүйене отырып, Асқар Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдаған.

"Соның ішінде бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алыпқашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін", - деп түсіндірді Перуашев.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асқар Садықов мәртебесіне сай келмейтін әрекет жасағаны үшін "Ақ жол" партиясынан кеткені туралы хабарлаған едік. 

ҚР Орталық сайлау комиссиясы "Ақ жол" демпартиясының ұсынымын бойынша Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты депутаттық мандатынан айырды. Бұл шешімге Асқар Садықовтың депутаттың мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерге барғаны негіз болған.

Аталмыш фактіні партиялық органдар өз бетінше анықтаған және ҚДП пленумында қаралған соң, Асқар Садықов партиядан шығарылды, соған байланысты ол депутаттық мандатынан айырылды.

С. Сатыбалдина