Айдын Айымбетовтың әйелі: Ол бізге күн сайын қоңырау шалып тұрды

Бүгін елорда әуежайында бір топ адам ХҒС экипажының мүшелерін күтіп алды. Ғарышкерлер Астана уақыты бойынша таңғы сағат 06.51-де "Союз ТМА-16М" кемесімен Қарағанды облысына қонды.

Кейін олар Астанаға ұшып келді. Елордада ғарышкерлерді Қазақстан Президенті мен олардың жақын туыстары қарсы алды.

"Біз балаларымызбен өте бақыттымыз. Айдын Жерге оралды. Әр минутты санадық. Ол бізге ғарыштан күн сайын қоңырау шалып тұрды. Сондықтан да көңіліміз жай болды", - деді Айдын Айымбетовтың әйелі Лилия тілшілерге. Ол күйеуін мақтан тұтатынын жасырмады.


Суретте Айдын Айымбетовтың әйелі мен үлкен қызы - Диана.

Ғарышкердің әйелі Айдын Айымбетовтың анасымен және балаларымен бірге елорда әуежайына келді.


Әуежайда. Суретте Айдын Айымбетовтың кіші қызы әжесімен бірге отыр.

"Зымыран ғарышқа ұшқанда біз өте бақытты болдық және бәріміз жыладық. Мен әкеме зымыранның суретін салдым", - деді ғарышкердің кіші қызы Даяна.


Даяна Айымбетова

Қазақстандық ғарышкердің үлкен ұлы - Әмір Айымбетов бүгін таңертең Қарағанды облысында болды. Ол әкесін жерге қонғаннан кейін алғашқылардың бірі болып көрді. "Әкемді мақтан тұтамын. Сезімімді жеткізуге сөз таба алмай тұрмын. Оны капсуладан шығарған кезде "папа" деп айғайлап, оған қарай жүгірдім. Менің көкті жақсы көретінім әкем арқылы келген", - деді Әмір Айымбетов. Ол әуе ұшқышы болғысы келетінін айтты. Биыл ол 11-ші сыныпты бітіріп, Астанадағы мемлекеттік авиациялық орталықта жазғы тәжірибеден өтті.


Әмір Айымбетов

Еске сала кетейік, Айдын Айымбетов ғарышқа "Союз-ТМА-18М" кемесімен 2 қыркүйекте аттанды. Екі күннен кейін кеме ХҒС-мен автоматты режимде түйісті.