- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Айдос Сарым: «Отандық...
Айдос Сарым: «Отандық телеарналардың рейтингін шығаруда шикіліктер бар»
21 қарашада Алматы қаласында БАҚ саласын ілгерілетуге бағытталған «Media құрылтай» конференциясы өтті. Он бірінші рет ұйымдастырылған жыл сайынғы дәстүрлі шараға БАҚ саласының мамандары қатысты. Конференцияның екінші бөлімі «Цифрлік дәуірдегі Қазақстан телеарналарының аудиториясы» деп аталып, сала бойынша спикерлер шақырылды. Талқылау барысында қазақстандық медиаменеджерлер телеарналардың көрілім деңгейін өлшейтін TNS Central Asia (Kantar TNS) жүйесіне сенімсіздік танытанын жеткізді. Қазіргі таңда қазақтілді аудиторияның саны артып келеді. Ал TNS жүйесіндегі ақпараттарда бұл жағдай мүлде байқалмайды.
Қазіргі отандық телеарналардағы аудитория TNS қызметкерлері таратқан 3000 пиплметрдің (аудиторияны бақылау үшін теледидарға орнатылатын электронды құрылғы) көмегімен өлшенеді. Ал оны қолданушылар жайлы ақпарат жарияланбайды. Қазақстан халқының 70 пайызы қазақтар және халықтың 42,5 пайызы ауылдық аймақта қоныстанған. Яғни, бұл мекендерде негізгі ақпарат тарату көзі телеарналар екені айтпаса да белгілі. Ал TNS ақпараттарын қарасақ, Қазақстандағы ең көп көрілетін бағдарламалар мен сериалдар Ресейде жасалғанын көреміз. Бұл – бір- біріне сәйкес келмейтін жағдай.
Конференцияға спикер ретінде қатысқан саясаттанушы Айдос Сарым қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Соңғы 10 жылда мектептегі қазақ тілінде білім алатын оқушылар 65 пайызға, колледждерде 59 пайызға және университеттерде 64 пайызға артқан. Дәл осы аудитория телеарналардағы қазақ тіліндегі контенттің тұрақты, белсенді тұтынушысы бола алады. Ал, TNS рейтингінен бұл жағдай мүлде көрініс таппай отыр.
– Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан өзгерістерді, қазақтілді аудиторияның артып жатқанын ескеретін болсақ TNS статистикасы бұл жағдайлармен сәйкес келмейді, - деді Айдос Сарым.
Мінберге TNS Central Asia басшысы Татьяна Старцева көтерілді. Тақырып бойынша айтылған мәселелерге Татьяна ханым өз пікірін білдірді.
– Біз Қазақстандағы халық саны 100 мыңнан асатын қалаларда қоныстанған аудиторияның нақты не көретінін, телеарнадағы бағдарламаның танымалдығын нақты есептеп шығарамыз. Біз көрерменнің қызығушылығына байланысты ақпарат бермейміз. Бұл контентті дайындайтын мамандардың жұмысы деп есептеймін. Сонымен қатар, айта кететін тағы бір жайт, соңғы 5 жылда Қазақстан телеарналарындағы көрілім саны азайып барады, - деді Татьяна Старцева.
Atameken Business channel телеарнасының басшысы Қанат Сахарияновтың айтуынша, телеарна аудиториясын есептеуге қатысты түсініксіз дүниелер бар және ол көзге бірден байқалып та тұр.
– TNS Central Asia көрерменнің қай уақытта теледидарды қосқанын және қандай телеарнаны көргенін есептеумен шектелуде. Бұл жерде көрерменнің жеке қалауы ескерілмейді. Қазіргі уақытта қазақтілді сапалы контентке сұраныс бар, бірақ өкінішке орай ұсыныс жоқ. Себебі, қаржы орыстілді контентке жұмсалуда. Рейтингтегі бағдарламалар мен телесериалдардың 90 пайызы ресейлік өнімдер. Қазақстан аудиториясының көрсеткішін шығарып отырған 2800 адам. Ал олар кімдер?, - деді Қанат мырза.
Конференция соңында Татьяна ханым аудиторияны зерттеу жүйесін дамытып, өзгеріс енгізу керек деген пікірмен келісетінін айтты.
– Біз жүйені өзгертуге дайынбыз. Оны жүзеге асыру үшін бізде тәжірибе де, жаңа технологиялар да бар. Бұл жүйені ұсыныс тасталған бағытта жасап шығу үшін қайта қаржыландыру керек.
TNS деректеріне сүйенсек, 6 жастан жоғары қазақстандықтардың 61 пайызы күн сайын, 91 пайызы әр ай сайын теледидар қарайды. Орташа есеппен әр көрермен күн сайын 4 сағат уақытын теледидар көруге жұмсайды екен.
А. Қажиев