- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аяусыз қысым көріп...
"Аяусыз қысым көріп келемін". Түркістан облысында қызметкер мектептегі былықты ашып айтты
Желіде Жаңаталап ауылындағы мектепте бірқатар заңбұзушылық болғанын айтқан қызметкердің видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео Telegram-арналардың бірінде пайда болды. Қызметкердің айтуынша, мектеп директоры оған қыым көрсетіп, жұмыстан шығуға мәжбүрлеген.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен - Қаратаева Тамара Қойбағарқызы, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Құркелес округы, Жаңаталап ауылы тұрғыны, жалғызбасты анамын. 2009 жылы ауылымызда 600 орындық №77 мектебі пайдалануға берілді. 2021 жылы 8 қаңтардан бастап осы мектепке кадр бөліміне жұмысқа орналастым. Осы мектеп ашылғаннан бері директор тағайындалмаған. Соның салдарынан заңбұзушылықтар болып жатыр. 2023-2024 оқу жылында біздің мектепте оқымайтын оқушыларды базаға енгізіп, қосымша сыныптар ашылып отыр. Базадағы оқушылардың нақты аты-жөнін, қай ауылда тұратынын, қай мектепте оқитынын тексеру келгенде нақты дәлелдеп бере аламын. Мектебіміздің директоры міндетін уақытша атқарушы және оқу ісі орынбасарына істеріңіз заңсыз ғой деп ескерттім. Сол уақыттан бері олардан аяусыз қысым көріп келемін. 2023 жылы 19 қыркүйекте 17:35 шамасында директор міндетін атқарушы мені кабинетке шақырды. Олар маған "өз еркіммен жұмыстан кетемін деп" арыз жаз деп қысымға алды және ауыр сөздер айтып, намысыма тиді. Мен жұмыстан шықпаймын дегенде, "өз еркіңмен кетпесең, әкеңді де, өзіңді де бұл мектепте бәрібір жұмыс істетпеймін" деп қоқан-лоқы көрсетті. Бұрын мынандай жағдай басымнан өтпегендіктен қысымға шыдай алмай, өз еркіммен арыз жазуға мәжбүр болдым. 2021-2023 оқу жылдары аралығында мектепте білім сапасы төмендеп, ата-аналар балаларын басқа мектепке ауыстырып жатыр. Осы оқу жылдары аралығында 138 оқушы басқа мектептерге ауысып кетті. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Осы заңбұзушылықтарды жою үшін тиісті орындарды зерделеп, өз бақылауыңызға алуыыңызды сұраймын", - дейді әйел видеода.
Massaget.kz тілшісі бұл оқиғаға қатысты Түркістан облысы білім басқармасына сауал жолдады.
"Түркістан облысы білім басқармасы көтерілген мәселені назарға алды. Сарыағаш аудандық білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталып, мектептің тиісті орынбасарлары жұмыстан босатылды. Ал видео авторы атқарып отырған лауазымынан өз өтініші негізінде атқарып отырған лауазымынан босаған. Видео авторына Білім бөлімі тарапынан құқықтары түсіндіріліп, тиісті жұмыс жүргізілді", - делінген жауапта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек