- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аяқпен кетіп, табытпен...
"Аяқпен кетіп, табытпен келді". Полигонда қаза тапқан сарбаздың туыстары кінәлілерді жазалауды сұрады
Алматы облысындағы полигонда қаза болған сарбаз Алмас Шахимовтің туыстары өлімге жауаптыларды жазалауды сұрап отыр, - деп хабарлайды КТК.
Әскерге көктемде өзі сұранып барған көкшетаулық Алмас Шахимовті туған-туыстары мен жерлестері кеше оны соңғы сапарға шығарып салды. 19 жастағы сарбаз күні кеше Алматы іргесіндегі полигонда оқу-жаттығу кезінде оқыс жағдайдан қаза тапқан болатын.
Телеарна мәліметінше, Алмас отбасының жалғыз ұлы екен. Отан алдындағы борышын өтегенге дейін құтқарушы мамандығына оқыған.
"Сол күні далада жаттығу жұмысы кезінде аяқастынан басталған құмды дауылда өзгелерді құтқаруға ұмтылғаны да кәсібіне деген адалдығы болар", - дейді туған-туыстары.
Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген қаруластары мен әскери бөлім командирі Алмастың көзсіз ерлігі жайлы баяндап берген. Қаруластарын құтқарамын деп жүргенде жігіттің басына темір құрастырма құлап, ауруханада қайтыс болды. Алмас Шахимов мемлекеттік наградаға ұсынылған. Әйтсе де, сарбаздың ажалына жауаптылар болуға тиіс деп санайды жақындары.
Е. Төлеш"Әскерге ешкім шақырған жоқ. Өзі әскерге барамын деп кеткен. Өз аяғын басып кетіп еді. Өлтіріп, табытқа салып алып келді. Әскерде тәртіптің жоғынан. Палатка құлағанда ішінде балалар айғайлады деді. Балалар айғайлағаны қалып қойған. Соған командир кірмей, неге сарбаз кіреді?", - дейді марқұмның әжесі.