Балабақшадағы балаларға күш қолданған жаттықтырушы көптен кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Көпке тарап, талқыға түсіп үлгерген оқиға 26 мамырда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есіктегі балабақшалардың бірінде болған. Ата-аналар жаттықтырушының бұл әрекетіне наразы.
"Жаттықтырушының мұндай әрекеті әрине, дұрыс емес. Өзіміз баламызды олай ұрмаймыз", - дейді Есік қаласының тұрғыны Жұлдыз Сағатбекова.
Ата-аналар "тапқан баламды таяқ жесін деп балабақшаға берген жоқпыз" деп арыз беріп үлгерген. Дегенмен қоғамда қызу талқыға түскен видеода жаттықтырушыны жақтайтындар да жетіп артылады. Олардың айтуынша, бұл - спорт.
"Баламыз осы кісінің арқасында чемпион болған. Спорт болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады. Ондайға шыдамайтын ата-ана баласын биге берсін. Елдің бетке ұстар азаматы болсын деп беріп отырмыз", - деді ата-ана Ербосын Нүсіпұлы.
Бұл пікірді спортшы да қостап кетті.
"Фархат ағайдың арқасында Астанаға барып 1-орын алдым. Ол кісі өте жақсы адам. Ол тыңдамаған балаларға ұрсады. Себебі тыңдамаса, олар дұрыс үйрене алмайды", - деді спортшы Қарлығаш Юсупова.
Видеода әуелде балалар өзара күш сынасқаны, бұл сәтте жаттықтырушының ескерту жасағаны көрінеді. Төбелес деуге келмейтін тәртіпсіздік тоқтамаған соң, жаттықтырушы қол сермеген, аяқ көтерген. Біз сөйлескен ата-аналар "Егер жаттықтырушы шынымен тепсе, бала тым құрығанда құлар еді ғой" дейді. Ал медициналық сараптамада тәрбиеленушілердің денесінен ешқандай белгі анықталмаған.
"Ол кісі - Еңбекшіқазақ ауданына белгілі жаттықтырушы. Осы оқиғаға байланысты педагогикалық кеңес өткізіп, ол кісіге қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан босаттық", - деді балабақшаның әдіскері Айнұр Түбекбаева.
Дәлірек айтсақ, жаттықтырушы жұмыстан өз еркімен кеткен. Каратэге балаларды дайындап, халықаралық деңгейдегі чемпиондарды шығарған азаматтың бұл салада жүргеніне 15 жыл болған. Қазірдің өзінде 60 шақты шәкірті бар бапкердің бес баласы бар.
"Иә, аяқ көтергенім рас. Бірақ қатты тигізген жоқпын. Ата-аналарды да түсінемін. Торғай да баласын қорғап шырылдайды. Ата-аналардан кешірім сұраймын", - деді жаттықтырушы Фархат Мұрсәлиев.
Кешірім жазаны жеңілдетпеді, арыз негізінде ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеліп жатыр. Бұл баппен 160 АЕК сомасында айыппұл және 160 сағатқа дейінгі түзету жұмыстары қарастырылған", - деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев.
Істі аудандық прокуратура облысқа жөнелткен. Қылмыстың деңгейі мен қатысушы тараптың жазасы жақында нақты белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін Есікте жаттықтырушының балаларды жұлқылағаны видеоға түсіп қалғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!