“Аяқ-қолын байлап, далаға лақтырып кеткен“. Әскерде тағы өлім

Жаркенттегі №74261 әскери бөлімінде 26 жастағы капитан Дархан Дәулет қаза тапты. Massaget.kz тілшісі марқұмның жерлеуіне қатысып, жақындарынан жантүршігерлік жайттарды естіді.

Бүгін Қараөлең халқы бүкіл ауыл болып марқұмды жер қойнына тапсырды.

Massaget.kz

Жақындарының айтуынша, оның өз ажалынан өлуі мүмкін емес, себебі олар дені сау, Отанына қызмет етемін деп жүрген атпалдай азаматты "әлдекімдер әдейі өлтіруі мүмкін" деген пікірде.

Massaget.kz

Дархан Дәулеттің туыстары марқұмның денесін жуындырғанда, басын байлап, шешкізбей жерлегенін айтады.

"Аузына қолғап тығып, аяқ-қолын байлап, далаға лақтырып кеткен. "Өңкей кішкентай балалар, 2004-2005 жылғы сарбаздар" дейді. Шамасы келетін шығар білмеймін. Өліміне кінәлілер жазалансын", - дейді марқұмның әпкесі Назерке Бариева.

Massaget.kz

Марқұмның атасы немересінің мәйітін танымай қалғанын жеткізді.

"Екі айда баламды өлтіріп, қолыма берді. Көргендер "бір майор бұйрық беріпті" дейді. Үш сарбаз жабылып, қол-аяғын байлап, тепкілеп, аузына қолғабын тығыпты", - дейді Дарханның атасы Дәулет Мақаев.

Massaget.kz

Тұтас елді дүрліктірген капитанның өліміне қатысты іс бойынша төрт адам қамауға алыныпты. Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары қамауға алынғандар тергеліп жатқанын мәлімдеді.

Massaget.kz

Жауапты өкіл марқұмның өліміне не себеп болғанын ашып айта алмады.

Оның сөзінше, мұны тергеу мүддесіне сай жария ете алмайды, тек "күдіктілер бар", - деп қысқа қайырды.

Massaget.kz

"Осы іс бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Комиссия құрылды. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде төрт адам анықталды. Оларды тергеп жатыр. Қазір қамауда", - деді Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Әкішев.

Айта кетейік, 26 жастағы Дәулет Нұрланұлы №74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы, капитан болған. Ол Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің институтында оқыған. Отар гарнизонында біраз уақыт қызмет еткен. Жаркенттегі №74261 әскери бөліміне екі ай бұрын ауысқан.

Massaget.kz/марқұмның жақындарынан

14 қарашада сағат 01:00 шамасында №74261 әскери бөлімін бақылау тобының құрамында жетекшілік ететін 26 жастағы Дархан Дәулеттің мәйіті табылған. Жауапты ведомство өкілдері мәйіт әскери бөлімшеде табылғанын растап отыр.

Бұған дейін қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қазақстан әскерінде өлім-жітім неге жиілегенін түсіндірген еді. Министрлік әскери қызметшілердің өлімі мен жарақаттануының негізгі себептері ретінде қару-жарақ қолдану кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу, қызметтен тыс уақытта жол апатына түсу, ауру салдарынан өлім-жітім, отбасындағы қиындықтарға байланысты өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін атаған болатын.

Кейінгі кезде әскери салада бірнеше қайғылы оқиға болды:

  • Жамбыл облысында әскерде жүргеніне небары 23 күн өткенде қостанайлық 19 жастағы Нұржігіт Әбдіпатта комадан бір шыққан болатын. Кейін Тоқаев осы іске қатысты қатаң тапсырма берді. Біраз уақыт өткен соң сарбаз ауруханадан шықты.
  • Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде борышын өтеген Ербаян Мұхтардың жайы да көпке белгілі. Әскери бөлімнің есебі бойынша ол түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шығып, өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. Қазір сарбаз Түркияда емделіп жатыр.
  • 7 қыркүйекте Маңғыстау полигонында мерзімді әскери қызметші жарақат салдарынан көз жұмды. Жауынгерді взвод командирі атып өлтірген. Қайтыс болған сарбаздың әкесі Қорғаныс министріне бейнеүндеу жолдады. Қорғаныс министрлігі кейінірек кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
  • 16 қыркүйекте Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс гарнизонының әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан жарақат алды.
  • 19 қыркүйекте Аягөзде әскери қызметшінің денесі табылды. Әскери гарнизонның алдын ала мәліметтері бойынша офицер өз-өзіне қол жұмсаған.
  • 22 қыркүйекте Петропавлда келісімшарт бойынша әскери қызметкердің денесі табылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
  • 30 қыркүйекте Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Марқұм 39 жаста болған, оның денесі өз пәтерінде табылған. 
  • 14 қазанда Приозерскіде сарбаз әскери қызметінің аяқталуына екі апта қалғанда өзін атып өлтірген. 
  • 7 қарашада Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша өлім себебі – суицид.

Шілдеде Massaget.kz Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдап, биыл және былтыр қанша сарбаз әскери борышын өтеп жүріп көз жұмғанын анықтауға тырысты. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл ақпарат таратылмайтынын мәлімдеді.

Кейінірек ресми мәлімет жарияланды. Ақпаратқа сүйенсек, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

Ашық дереккөз мәліметтері бойынша өлім-жітімнің көп тараған себептері: ауру - 36 пайыз, жол апаттарының салдары - 24 пайыз, суицид - 20 пайыз.

Әлібек Шынтемір

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!