Аяқ киіммен намаз оқуға бола ма? Бұл сұраққа Fatua_kz-ке Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, намазды аяқ киіммен оқуға болады, алайда мұнда ескеру керек жайттар бар.
"Қазір суық мезгіл. Пайғамдарымыз Саллалаһу әлейһи уә сәлләм сахабалармен бірге аяқ киіммен намаз оқыған. Кейбір кісілер "аяқ киіммен дәретханаға кіреміз ғой, сол аяқ киіммен намазға тұра беруге бола ма?" сұрап жатады. Дәретхана кір болуы мүмкін, бірақ ол міндетті түрде лас болады деген сөз емес. Аяқ киіммен кірді басқан кезде ол намазға жарамды, ол жүрген кезде тазаланып кетеді. Ал енді нәжісті басудағы жағдай өзгеше, нәжісті басудың екі түрі болады. Біріншісі, қою нәжіс. Қою нәжісті басқан кезде оны жерге, қағазға сүртіп, нәжістің әсері қалмаса, ол тазарған болып есептелінеді. Екіншісі, зәр секілді сұйық нәжіс. Сұйық нәжісті басқан кезде оны бір рет суға жуып жіберсе тазаланады, яғни әсері қалмайды.
Ал аяқ киімнің астында нақты нәжіс бар екенін білмеген жағдайда, оны бір тексеруге болады. Егер нәжістің әсері болмаса, аяқ киім таза. Онымен намаз оқи беруге болады, бұл ешқандай дінімізге қайшы емес. Сондықтан, керісінше, суық, аяз кезде денсаулығымызды сақтауымыз керек. Қажеттілік болса намазды аяқ киіммен оқуға болады", - деп жауап берді Елбек Тасболатұлы.
Айта кетейік, бұған дейін Сансызбай Құрбанұлы "құранды музыкалық аспаппен сүйемелдеп оқуға бола ма?" деген сұраққа жауап берген болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: 20 минут ережесі деген не?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!