Ақтөбеде жастар арасындағы жаппай төбелестен 18 жастағы бозбала қаза тапты. Арты атысқа ұласқан қырғыннан тағы сегіз жігіттің аяғына оқ тиіп, ауруханаға түскен. Қазір науқастардың палатасын тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Осы қылмысқа қатысты төрт адам қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Түн ортасында Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінде тыным болмаған. Бір мезетте осында оққа ұшқан тоғыз жігіт жеткізілген. Барлығы аяғынан жараланған. Ал бір науқасқа оқтан бөлек бірнеше жерінен пышақ сұғылған. Жағдайы тым ауыр болған 18 жастағы жігіт қайтыс болған.
"Бірінші науқасты әкелді, жас баланы. Келген кезде клиникалық өліммен әкелді. Реанимациялық жұмыстар жүргізілді. Бірақ та қайтыс болды. Қалған сегіз адам тұрақты, емделіп жатыр", - деді Ақтөбе облысы жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Жасұлан Орымбаев
18-22 жастағы жастар мал базары маңындағы жанармай бекеті жанында жаппай төбелескен. Артынан қару алып атысуға дейін барыпты. Жаппай төбелес кезінде қаза тапқан студент өндірістік тәжірибеден оралған күні екен. Оқытушылары бұған дейін қақ-соқпен ісі жоқ оны "қосақ арасында кетті" деп отыр.
"Практикада жүрген. Технологияда практикада жүріп, келіп есебін тапсыруға тиіс болатын. Практиканы өзінің тұрған жері Шалқар ауданы Бозой елдімекені КС стансасында өткізді. Сол екі ортада бүгін түнде осындай жағдайды естіп отырмыз. Ол тек бір отбасының емес, біздің оқу орнының қайғысына айналып отыр", - деді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова.
Адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты төрт жігіт қамауға алынды. Қазір оларды тәртіп сақшылары тергеп жатыр.
"Полиция осы қылмыс жасады деген күдікпен 4 азаматты ізін суытпай анықтап, ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аяғынан жараланып ауруханада жатқан сегіз жастың палатасына күзет қойылған. Ал жаппай төбелестің себебі енді анықталып жатыр. Куәгерлер ұрыс-керіс бозбаланың аяғын көшеде қатарласы басып кеткенінен басталғанын айтады. Сол үшін жақтастарын жинап, қару алып кездесуге барады. Арты ақыры қайғылы оқиғамен аяқталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!