Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында жылқылар белгісіз дерттен қырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Төрткүл ауылының тұрғындары жылқылары белгісіз дерттен қырылып жатқанын, ветеринарлар сынама алғанын, бірақ "лимфангит" дертін "әдейі өтемақы төлемес үшін" жоққа шығарғанын айтқан еді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Үміткер ауылында 2023 жылғы мамырдан бастап жылқылардың эпизоотиялық лимфонгоиті бойынша карантин енгізілген. Сол кезде республикалық бюджеттен өтемақы төленіп, аталған елді мекендегі 185 бас жылқы жойылған.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде 2024 жылғы 15 қаңтарында Е.Бековтың "Ержан" ШҚ-дағы екі бас жылқыда эпизоотиялық лимфангиттің клиникалық белгілері байқалғаны туралы ақпарат жарияланды. 16 қаңтарда екі бас жылқыдан сынама алынып, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Республикалық ветеринарлық зертхананың Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді. Зертхананың талдау нәтижесі теріс болып шыққан.
Сонымен қатар осы жылдың 4 қаңтарында мамандар Төрткөл ауылының тұрғыны М.Жұмаділдің жылқыларынан екі сынама алды. Бұған дейін, 2023 жылғы 9 қазанда осы кісіге тиесілі бес бас жылқыдан сынама алынған. Ол кезде де талдау нәтижесі "теріс" деп көрсеткен.
"Үмiткер ауылдық округiндегi эпизоотиялық жағдайды ескере отырып, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетi арнайы комиссия құрды, оның құрамына келiсiм бойынша "Ветеринария жөнiндегi ұлттық референттiк орталық" ШЖҚ РМК, ҚР АШМ мамандары және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің "Ғылыми биологиялық қауіпсіздік проблемаларының зерттеу институты" қызметкерлері енгізілді. Арнайы комиссия 2024 жылғы 2-3 ақпанында мониторинг жүргізу үшін Үміткер ауылдық округіне барды. Олар Үміткер, Төрткөл, Үлгі ауылдарындағы сау, жайылымда жүрген және ауру жылқылардан биологиялық және патологиялық материалдар сынамаларын алды. Сондай-ақ, мамандар жергілікті тұрғындармен кездесті. Комиссия сапары кезінде "Ержан" шаруа қожалығының иесі сынама алу үшін жылқыларын бермеген еді. Сол себепті, 6-7 ақпанда Үлгі ауылында жылқылардан қосымша 11 сынама және Төрткөл ауылындағы, атап айтқанда, "Ержан" шаруа қожалығындағы екі жылқыдан сынама алды", - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Алынған сынамалар Республикалық ветеринариялық зертхананың Қарағанды филиалына жеткізіліп, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына жіберілген. Ведомство зерттеу нәтижелері туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
Бұған қоса, ғылыми институтпен бірлесіп жылқыларды вакцинациялау және карантин жағдайында эпизоотиялық лимфангитке қарсы иммунитеттің шиеленісуіне мониторингтік зерттеулер жүргізіледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз