- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аягөзде әскери адам...
Аягөзде әскери адам өлі табылды
Аягөзде әскери адам өлі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"19 қыркүйекте жұмыстан тыс уақытта Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін офицердің денесі үйінен табылды. Алдын ала ақпарат бойынша офицер өзіне-өзі қол жұмсаған", – деп хабарлады гарнизон.
Істің мән-жайы анықталып жатыр. Әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына көңіл айтады.
Еске салайық, бұған дейін депутат Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі қазіргі жағдай жөнінде сауал жолдаған болатын.
Депутаттың сөзінше, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.
"Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар "Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды" дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасап жатыр", – дейді депутат.
Сәрсенғалиев әскери бөлімдерде орнатылған камераларға қатысты талап қойды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина