Абай облысының әкімдігі трансформатордан өрт шығып, Аягөз ауданының жарықсыз қалуына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
18 желтоқсанда сағат 23.30-да Аягөз ауданының 101 төтенше жағдай арнасына "Біріккен энергосервистік компаниясы" АҚ-на қарасты электр жабдықтау станциясының (подстанция) жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндіру жұмыстарына 4 АЦ өрт сөндіру көлігі, 15 қызметкері жұмылдырылған.
"Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері бойынша сағат 23:59-да өрт оқшауланды, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде Мамырсу ауылдық округі және Аягөз қаласынан басқа барлық ауылдық округтер электр энергиямен толығымен қамтамасыз етілді", - делінген хабарламада.
Қала бойынша бірінші кезекте орталықтандырылған 6 жылу қазандығын іске қосу жұмыстары қолға алынып, қазіргі таңда бесеуі іске қосылды. Біреуін қосу іске асырылып жатыр.
"Тұрғындарға электр қуатын беру жұмыстарын "Біріккен энергосервистік компаниясы" АҚ қызметкерлері ақаулықты жою барысында атқарып жатыр. "БЭСК" АҚ Үржар, Жарма аудандары мен Өскемен және Семей қалаларынан келген 7, сондай-ақ Аягөзден 3 бригада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 30-ға жуық маман жұмылдырылды", - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысындағы Аягөз ауданында алапат өрт шығып, қала жарықсыз қалғанын хабарлаған едік. Аудан әкімдігі бұл жайтқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.
"Аягөз қаласындағы орталықтандырылған электрмен жабдықтау қосалқы станциясында шамамен 23:20-да болған өртке байланысты қазіргі уақытта қалада жарық толықтай өшірілді. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар аудан әкімдігі электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарының жалғасып жатқанын хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!