Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Қазақстанда авторлардың құқығы қорғалмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Креативті индустрияны дамыту" тақырыбында отырыс өтті. Cөз болған мәселенің бірі - авторлық құқық.
Депутаттың сөзінше, авторлық қоғамдар түскен ақшаның көп бөлігін алып қалады.
"Креаторларды тізімге қосып алғанымызға мәзбіз. Бірақ олардың авторлық құқығын қорғауға келгенде ешкім бас ауыртқысы келмейді. Әр креатор адвокат жалдап, сан соғып, сабылып жүруге мәжбүр. Бұл жердегі үлкен мәселе: елімізде 15-16 авторлық қоғам бар. Олардың жұмысына қатысты көптеген сын бар, авторлық қоғамға шығармашылық адамдардың шығармашылығын тұтынғаны үшін түсетін ақшаның 70 пайызын қоғам өзі алып қалады. 30 пайызын авторға береді", - деді ол.
Нартай Сәрсенғалиев 2010 жылы зерттеу жүргізіп, авторлық қоғамға барып, 20 мың теңге төлеп, Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқағали Мақатаевтың бір-бір өлеңіне автор атанғанын айтты.
"Кассаға төлеңіз, авторлық құқық береміз" деді. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Мұқағали мен Жұмекенді тексермегенде басқа авторларды тексереді деу қате шығар", - деді ол.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Шәмші Қалдаяқовтың туындыларына қатысты жайтты да айтты.
"Авторлық қоғамдар авторлардың құқығын қорғамайтынының тағы бір дәлелі: осы жерде куәгерлері отыр. Шәмші Қалдаяқовтай ұлы тұлғамыздың шығармаларын орындағаны үшін ұрпағына бір маусымда, яғни үш айда 18 мың теңге ғана төлеген. Шәмшінің әнінсіз өткен кеш бар ма, бұл қазақта?!" - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін заңгер Мұхамедияр Нұрғалиұлы авторлық құқық неге керек екенін түсіндірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!