Астанадағы автобус жетіспеушілігі - тұрғындар тарапынан жыл он екі ай бойына көтеріліп жүрген өзекті проблемалардың бірі. Ал Сарыарқаның бет қаратпайтын желі мен сары аязында жылы аялдамалар мәселесі жыл сайын көтеріледі. Massaget.kz тілшісі Астанадағы жылы аялдамалар мен автобустар биылғы қысқа қаншалықты дайын деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Қаладағы көпшілік Жағалау деп атап кеткен шағынауданның тұрғындары қалың қар жаумай тұрып-ақ, автобус тапшылығын, жылы аялдамалардың қажеттілігін сезініп жатырмыз дейді.
"Мен мына Inju-City тұрғын-үй кешенінде тұрамын. Осы ауданға көшіп келгенімізге үш жылдан асты. Көріп тұрғаныңыздай, біз жақта жылы аялдама деген атымен жоқ. Астананың бет қаратпайтын желінде қай жаққа барып жылынарыңды білмейсің. 3-сыныптағы қызыма қиын, үлкендер шыдаймыз. Балаларға обал, елдің бәрінің көлігі жоқ. Сөмке толы кітаппен автобусқа сыймай қалатын сәттеріміз болады. Біздің ауданда жүретін №29, №27, №61, №63, №18 автобустардың көбі Қосшы, Илинка сияқты қаланың сыртынан келеді. Уақыт аралықтары кемі 20 минуттан. Кешкі кептелісте 35-40 минут күтеміз.
БІР ЖЫЛЫ АЯЛДАМАНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Қалалық әкімдіктің редакцияға берген ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнде елордада жалпы саны 272 жылы аялдама бар. Аудан әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, аялдамаларда аптасына екі рет тазалау жұмыстары жүргізіледі.
"Бір жылы аялдаманың болжамды құны 10-12 млн теңгені құрайды. Елордадағы қоғамдық көлік жүйесі 5 автобус паркінен тұрады, олардың бірі коммуналдық парк. Жылы аялдамалар өрт және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай қарастырылып, энергия үнемдейтін технологияларды қолдану көзделеді. Қаладағы аялдама павильондарының күтімі мен тазалығы аудан әкімі аппараттарының құзыретіне берілген".
"Бағыттар желісі қаланың барлық аумағын қамтиды, сонымен қатар елордадағы құрылыс қарқынының жедел дамуын ескере отырып, жүйені үнемі жаңғырту шараларын жүргізіп отырады. Халықты қамту ауқымы кеңеюде, жаңа автобустарды сатып алу аясында қолданыстағы бағыттардағы жүктемені азайту, жылжымалы құрамды жаңарту және жаңа бағыттарды іске қосу шаралары жүзеге асырылуда. 5 жаңа қалалық маршрут (№42, 55, 58, 63, 62) іске қосылды, 45 маршруттық схемаларды оңтайландыру жұмыстары атқарылды. Автобустардың жүру бойынша кесте саны 109 бірлікке артты (55 жұмыс күндеріне, 54 демалыс күндеріне арналған, жылжымалы құрам жаңартылды", - деді қалалық көлік басқармасы.
БІР АВТОБУСТЫҢ ҚҰНЫ 100 МЛН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАЙДЫ
Бүгінгі таңда құрылыс қарқыны артқан аудандарға Жағалау шағынауданы (Сығанақ көшесі, Мұхамедханов көшесі, Әнет баба көшесі), Мыңжылдық аллеясы, Тұран даңғылы мен Ұлы дала даңғылының қиылысы, Экспо ауданы жатады.
"Бұл аудандар маңызды болып табылады, өйткені осындағы автобус маршруттарының саны тұрғындардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Жаңа маршруттар ең алдымен осы учаскелерде іске қосылады (№42, 62, 63 бағыттары іске қосылды). Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылады, маршруттар желісін дамыту тұжырымдамасы аясында Әйтеке би, Төле би, Сығанақ көшелерінің бойымен жаңа маршруттарды іске қосу жоспарланып отыр", - деді әкімдік өкілі.
Елорданың тұрақты қалалық маршруттарын пайдалану мерзімі мен жаңа автобустардың құнын да сұраған едік. Әкімдік қалада пайдалану мерзімі 14 жылдан аспайтын автобустар қолданылатынын алға тартып отыр. Бір жолаушы тасымалдайтын автобус құны 100 млнға жуықтайды.
"2023 жылы "№1 Автобус паркі" АҚ-да шамамен 44 автобус есептен шығарылды. Жаңа автобустың бір бірлігінің құны туралы айтар болсақ, "№1 Автобус паркі" АҚ сатып алған Yutong маркалы 12 метрлік автобустың құны 91 790 000 (тоқсан бір миллион жеті жүз тоқсан мың) теңгені құрайды.
Жаңа автобустарды жаңарту жұмыстары тасымалдаушылармен жылжымалы құрамды сатып алуды ескере отырып, тұрақты түрде жүргізіледі, жаңа автобустардың келуіне қарай ең ескі модельдерді пайдаланудан шығару шаралары жүргізіледі", - делінген жауапта.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!