Алматыда күн жылына сала қоғамдық көліктерде қайыр сұрап кіретіндер көбейген. Бұл қоғамдық көлікте онсыз да адам көп кезде жолаушыларға кедергі жасайтыны сөзсіз. Қайыр тілеп кіретіндердің әрекеті қаншалық заңды? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне Алматы қаласының Полиция департаменті өкілдері арнайы жауап берді.
Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қаласының аумағында автобус салондарында тиісу деректері (зекет сұрау, дұға ету) болған.
"Аудандық бөлімшелермен қосымша күштерді тарта отырып, бұл деректерді анықтау және одан әрі болдырмаудың алдын алу іс-шаралары өткізіледі. Қоғамдық көлік салондарында сауданы жүзеге асыру деректері анықталған жоқ, сондай-ақ осындай деректер бойынша 102 пультіне хабарламалар түскен жоқ", - делінген ресми сауалға берілген жауапта.
Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, "Қайыр сұрау" деректері анықталған кезде жеке басын одан әрі анықтау және бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы үшін полиция басқармаларына жеткізіледі.
"Егер жасалған қылмыстарға қатысы болмаса, іздеуде болмаса құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 449 бабы (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, биыл 20 ақпандағы жағдай бойынша, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы тәртібімен 346 құқық бұзушы тартылды. Қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағында көші-қон заңнамасын бұза отырып, қала аумағына келген және заңсыз тұратын шетелдік тұлғаларды анықтауға бағытталған "Мигрант" жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр", - дейді департамент өкілдері.
Оның нәтижелері бойынша:
Қазақстан аумағынан 39 адам шығарылды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына - 16 бала орналастырылған. Сонымен қатар, Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 2166 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!