- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Автобуспен бірге шахтаға...
Автобуспен бірге шахтаға құлаған құтқарушыны бес баласы күтіп отыр
13 тәуліктен бері автобуспен бірге жер астында жатқан құтқарушы Айдос Шаймерденді үйінде бес баласы күтіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Майқайың Алтын" кәсіпорнында жедел алдын алу жасағы командирінің орынбасары болып қызмет атқарған Айдос Әлібайұлы 1987 жылы 17қыркүйекте дүниеге келген. Әйелі Нұрсұлу Жанатқызы 1990 жылғы. Майқайың кентіндегі №2 мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Айдос пен Нұрсұлудың кәмелетке толмаған бес баласы бар.
Тұңғыштары Айша 2011 жылғы. Одан кейін Айсұлтан, Ерсұлтан, Әлинұр және Батыр деген төрт ұлы бар. Кішісі биыл ақпанда екіге толады. Туыстары құтқару жұмыстарының баяу жүріп жатқанына наразы.
"Басында құлап кеткен жердің тереңдігі 150 метр деген. Енді қазір нақты деректер 66 метр дейді. Мынау енді масқара ғой! 66 метрге жете алмау деген, апталдай екі азамат жатыр. Бауырымыздың бес баласы бар кәмелеттік жасқа толмаған. Қан жылап әкесі мен шешесі отыр, келіншегі отыр. Бүкіл туған туысқандарының барлығы қайғы жамылып отырмыз осы жүрген кезде. Күнде осы жерге келеміз қарайтынымыз бір міне. "Бәленбай мың куб шығардық, осыншама куб әлі шығарамыз болмаса болмай жатыр, қайта-қайта келе бермеңдер! Полицияға айтып сендерді жапқызып тастаймын" дейді. Осындай әңгіме бола ма, біз ерігіп жүрген жоқпыз", - деп налиды өзін құтқарушы Айдос Шаймерденнің ағасымын деп таныстырған Нұрбақыт Сансызбай.
Фото: Massaget.kz
Автобустағы екінші адам - төрт күн бұрын 55 жасқа толған Айып Тілеубергенов. Ол жедел құтқару көлігінің тізгіншісі. Екі ұл бір қыздың әкесі. Ал, бұған дейін денесі табылған құтқарушының бірі 1999 жылғы Сарқыт Бердіқан. Оның артында 2022 және 2023 жылдары өмірге келген екі ұлы жетім қалды. Ал, 53 жастағы Олег Тышкевичтің бір ұл бір қызы қалды.
Е.Базарқұл
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz