Сенат депутаты Андрей Лукин Қазақстандағы әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдауды күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Оның сөзіне сенсек, әскери қызметшілерге келесідей әлеуметтік жеңілдіктер берілуі керек.
• Әскери қызметшілер мен олардың отбасына жылына бір рет демалысқа шыққанда және кері қайтқанда темір жол көлігімен тегін жол жүруге мүмкіндік беру.
• қоғамдық көліктерде, қалалық, қала маңындағы және жергілікті қызметтерде тегін жол жүру;
• арнайы (полевые) төлемдер;
• коммуналдық қызметтердің 50%-ын төлеу;
"Қолданыстағы "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңды "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы туралы" заңмен, яғни 1992-2006 жылдар аралығында қолданыста болған бірқатар басқа нормамен салыстырғанда көптеген артықшылық, жеңілдік пен төлем жойылды. Жалпы бұл өзгерістер жақсы жаққа бағытталмады", - деді Андрей Лукин.
Сенатор сөзіне нақты дәлелдер келтірді.
"Мысалы, бұрын қолданыста болған арнайы (полевые) төлемдер (оқу-жаттығулар), белгіленген іссапар шығыстарының тәуліктік 60% мөлшерінде қосымша үстемеақылар (жұмысқа байланысты), сондай-ақ бірінші келісімшарт жасаған кезде біржолғы ақшалай сыйақы алынып тасталды. 2000 жылдың басынан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері демалыс орнына барғанда және қайтқанда тегін жол жүру, сондай-ақ қалалық қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығынан айырылды, офицерлер мен келісімшарттағы әскери қызметшілерді азық-түлік рационымен қамтамасыз ету тоқтатылды. 1998 жылға дейін әскери қызметшілер үшін коммуналдық қызметтерге (электр энергиясы, су, кәріз, қоқыс) ай сайынғы төлемнің 50%-ын мемлекет өтейтін жеңілдік болды. Оның орнына 2010 жылдан бері өзгермеген 3 739 теңге мөлшерінде тіркелген ақшалай төлем белгіленді", - деді ол.
Депутат Үкімет әлемдегі саяси жағдайды ескеріп, әскерилерге әлеуметтік қолдауды күшейтуі керек деп санайды. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуі керек.
"Бірінші кезеңде коммуналдық қызметтерді өтеуге төлемдер бойынша бұрын жойылған жеңілдіктерді қалпына келтіру, сондай-ақ темір жол және қоғамдық көлікпен (қалалық, қала маңындағы және жергілікті қатынастар) демалысқа және кері қайтуға тегін жол жүру мәселесін қарастырған жөн. Екінші кезеңде арнайы (полевые) төлемдер бойынша мәселені шешу (тәуліктік төлемнің 50%-ын өтеу). Осы мәселелерді шешу үшін "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет", - деді Андрей Лукин.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз