Автобус жүргізушісінің жеке нөміріне жолақысын төлеу қаншалықты заңды?  Ең өзекті сұрақтарға жауап берілді

Автобус жүргізушісінің жеке нөміріне жолақысын төлеу қаншалықты заңды?  Ең өзекті сұрақтарға жауап берілді
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Қала тұрғындары үшін діттеген жеріне жетуіне көмектесетін бірден-бір тасымал құралы қоғамдық көліктер екені белгілі. Бірақ автобуста кісінің көптігі, ұрлық, жолаушы көптігінен таңертеңгі және кешкі мезгілде сыймай қалуы секілді мәселелер де бар. Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық мобилділік басқармасы Көлік бөлімінің басшысы Абылай Омарханмен сұхбаттасып, ең өзекті сұрақтарға жауап алды.

Қоғамдық көліктің қатысы бар жол апаты көбеюіне не себеп?

"Бүгінде қоғамдық көліктің қатысы бар жол апаты жиілеп кетті. Дегенмен әрбір жағдайды жеке қарау керек. Қоғамдық көлік жүргізушісі әрқашан кінәлі бола бермейді. Жол-көлік оқиғасын тудыруы мүмкін көптеген себеп бар. Соның ішінде жүргізушілердің көпшілігінің жүргізу тәсілін атап өткен жөн", - дейді ведомство басшысы Абылай Омархан.

Автобустағы қалта ұрлығы неге сиремей жатыр? 

"Қоғамдық көлікте ұялы телефондарды және басқа да құнды заттарды ұрлау мәселесі бар екенін мойындау керек. Мұндай жағдай туындаған кезде құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Өз кезегінде барлық автопарк құқық қорғау органдарының өкілдеріне бейнебақылау жазбаларына кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік береді", - дейді Абылай Омархан.

Жолақыға қатысты қандай да бір өзгеріс болуы мүмкін бе?

"Алматы қаласында картамен немесе ОҢАЙ мобилді қосымшасы арқылы жол жүру құны - 80 теңге, қолма-қол төлеммен 150 теңге. Бүгінде бұл тарифтерді көтеру туралы мәселе қаралып жатқан жоқ", - дейді ол.

Onay өзін қаншалықты ақтап жатыр?

"Қоғамдық көлік - Алматы қаласы тұрғындарының тыныс-тіршілігінің қажет және ажырамас бөлігі. Алайда жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдаудың өзі тиімсіз, бұған әлемдік тәжірибе де дәлел бола алады. Жолақысы тасымалдаушының барлық шығынын өтемейді. Осыған байланысты мемлекет бюджет қаражаты есебінен жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялайды. Өз кезегінде субсидиялар ай сайын және тарифтердің бекітілген есебіне сәйкес толық көлемде төленіп жатыр", - дейді ведомство басшысы.

Автобус жүргізушісінің жеке нөміріне жолақысын төлеу қаншалықты заңды? 

"ОҢАЙ істен шыққан жағдайлар кездесіп тұрады. Мұндай жағдайларда жүргізушілер бұл туралы диспетчерлерге хабарлап, соңғы аялдаға келіп, техникалық қолдау қызметін күтеді. Содан кейін техникалық қолдау қызметі жедел әрекет етіп ақауды жояды. Алайда автобус желіде болған кезде жабдық жұмыс істемесе, жолақысын жүргізушіге төлеу керек және жүргізуші төлем жасаған жолаушыға билетті беруге міндетті", - деп жауап берді ол.

Қоғамдық көліктерде жолақысын төлемей жүретіндер көп пе?

"Биыл тасымалданған жолаушылар саны ОҢАЙ электронды төлем жүйесі енгізілгеннен бері өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Осыған байланысты төлем жасамайтын жолаушылардың саны азайып келе жатыр деп айтуға болады", - дейді ол.

Қоғамдық көліктердегі адам санына шектеу бар ма? 

"Автобустардың әрбір моделінде жолаушылардың толық болуына шектеу бар және оларды өндіруші зауыт белгілейді. Қарбалас уақытта, жолаушылар көп болған кезде автобустар шектеуден асып түседі. Алайда жолаушыларға автобусқа отыруға тыйым салуға жүргізуші де, басқа ешкім де құқылы емес. Осыған қарамастан, Алматы қаласының қалалық мобилділік басқармасы автобустардың толып кетуін назарға алып отыр, сондықтан Алматы қаласының маршруттық желісін оңтайландыруды кезең-кезеңімен енгізу мәселесімен жұмыс істеп жатыр", - дейді ведомство басшысы.

Қоғамдық көлік жүргізушісі қызметіне аларда қандай талаптар ескеріледі? 

"Әрбір кәсіпорында қоғамдық көлік жүргізушісін жұмысқа қабылдау үшін қойылатын талаптар әр түрлі (еңбек өтілі, тәжірибесі т. б.). Алайда бірінші кезекте жүргізу құқығына "Д" санатының болуы қажет", - дейді Абылай Омар.

Түнде тасымалдайтын автобустар қатарын көбейту жоспарда бар ма?

"Алматы қаласы мегаполис болғандықтан, қазір қоғамдық көлік түнгі уақытта да сұранысқа ие болып отыр. Осыған байланысты Алматы қаласының қалалық мобилділік басқармасы сағат 22:00-ден кейін қоғамдық көлік қозғалысының жүйелігін күшейту мәселесін қарастырып жатыр", - деп жауап берді Алматы қалалық мобилділік басқармасы Көлік бөлімінің басшысы.

 Kaspi арқылы жолақысын төлеу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін бе?

"Қазір Kaspi-QR төлеміне балама болатын ОҢАЙ мобилді қосымшасы арқылы QR-төлем қолжетімді. Бүгінде Kaspi мобилді қосымшасы арқылы жол жүру ақысын төлеу туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ", - дейді ведомство басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова