Қоғамдық көлік жолаушылардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарса да, автобус жүргізушілерінің кейбір әрекеттері тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Қауіпсіздік, мәдениет және қызмет көрсету сапасы мәселелері әлі де өзекті. Жуырда болған тепловоз бен автобустың соқтығысуы бұл проблеманың қоғам үшін маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Жолаушылардың шамына жүргізушілердің қандай әдеттері жиі тиеді? Жүгенсіз жүргізушілерді қалай жазалауға болады? Тұрғындар кезіккен жүргізушілердің ең сорақы әрекеттері қандай? Massaget.kz тілшісі толығырақ тарқатсын.
Алматылық Асқар есімді тұрғын қоғамдық көлікте орын алған келеңсіз жағдаймен бөлісті. Оның сөзінше жүргізуші автобусты әдейі шайқап айдаған көрінеді.
"Кептелістің шарықтаған кезінде автобуста адам лық толы болды. Есіктен ендігі адам кіре алмайтын кезге жеттік. Әр аялдамаға тоқтаған сайын жүргізуші "ортаға өтіңдер" деп айқайлап отырды. Бірақ автобустың ортасында орын жоқ еді. Есікті жауып, жүргізуші автобусты қатты шайқап, қозғалысын бастап айдауды шығарды. Бұл әрекет бірнеше аялдамаға дейін жалғасты. Ақыры жолаушылардың бірі "дұрыстап айдасаңшы, жүк тасып келе жатқан жоқсың ғой" деп дауыстап жіберді. Өзін кінәлі көрсеткісі келмеген автобус жүргізушісі жолда көлік ығы-жығы, әдейі емес деп ақталғысы келді. Десе де, жолаушы "айдап келе жатқан сен, шайқамай айдау өз қолыңда емес пе!" дегеніне, "өздерің ғой, ортаға өтпей жатқан" деп жауап қайыруы маршрут ішіндегі барлық жолаушының шамына тиді. Жүргізуші осы жағдайдан кейін шайқап айдауын доғарды" - дейді қала тұрғыны Асқар.
Автобуста болған тағы бір келеңсіз оқиғаны қала тұрғыны Айнұр баяндады. Оның сөзінше жолаушы қыз белгісіз себептермен коғамдық көлік ішінде талып қалған. Дегенмен жүргізуші дереу әрекет етудің орнына есікті ашудан бас тартқан.
"Адамдар жүргізушіден көлікті тоқтатуды сұрады, бірақ ол тек аялдамаға тоқтайтынын айтты. Жолаушылар амалсыздан есікті күшпен ашып, қызды сыртқа шығарды. Жүргізуші кешірім сұраудың орнына, бәрімізді автобустан түсіріп, тастап кетіп қалды. Мұндай әрекеттер оның жауапсыздығын көрсетеді", - дейді куәгер.
Естеріңізде болса, тепловоз бен автобустың соқтығысуы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Оқиға Алматы қаласының Әуезов ауданында орын алған. Куәгерлердің сөзінше автобус асығамын деп, келе жатқан тепловозға соқтығысқан. Осы жаңалықтан кейін көптеген желі қолданушылары автобус жүргізушілерінің жүгенсіз кеткенін ашына жазды.
Пікірлерді саралай келе жолаушылар көп байқаған қоғамдық көлік жүргізушілерінің жаман әдеттерін тізбектедік.
Тұрғындардың пікірлерін саралай отырып, автобус жүргізушілерінің ең жиі кездесетін әдеттері:
Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.
""Автобус қатты жүреді, ешкімге жол бермейді, тіпті жеңіл көлікпен келе жатсаң алдына кіріп кетеді, ішіндегі адамдарды ойламай ма?", "Автобустар Астанада да асығып жүреді. Ағаш тасып жүргендей. 64-автобусқа мініп, жеткенше иманымды оқып келгенмін", "Автобустағы жүргізушілер телефон қарап отырады көбісі, байқаймыз", - деген сарында біршама пікір жиналғанын байқаймыз.
Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, көліктік қызмет көрсету саласындағы шағымдар саны артқан. 2024 жылы бұл салада 889 шағым тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 112,1%-ға көп.
"Шағымдардың көбі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу, дөрекі қарым-қатынас және қоғамдық көлік ережелерін бұзу мәселелеріне қатысты. Жолаушылар алдымен автопаркке шағым түсіріп, шешілмесе, құқық қорғау органдарына жүгінуі керек", - дейді комитет өкілі.
Қоғамдық көлік - қаланың күретамыры болғанымен, сапасыз қызмет пен жүргізушілердің жауапсыздығы бұл жүйеге деген сенімді азайтып отыр. Тұрғындар тарапынан айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстар қоғамдық көлікті жақсартуға бағытталған нақты қадамдарға себеп болуы тиіс. Автопарктер, әкімдік және құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана қызмет көрсету сапасы жақсарады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!