Сыртқы істер министрлігі өкілі Түркияда жол апатына ұшыраған қазақстандық туристердің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 шілдеде таңертең Аланияда Қазақстанның 12 азаматын тасымалдаған шағын автобус жол апатына ұшырады.
"Түрік полициясынан алынған алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі жүк көлігіне қатты жылдамдықпен кіріп кеткен. Оқиға нәтижесінде зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстандық консул дереу Аланияның медициналық мекемелеріне барып, зардап шеккендермен кездескен.
"Екі азаматтың жағдайы орташа. Оларға ота жасалды, барлық қажет медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 отандастың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлығының медициналық сақтандыруы бар", - деді СІМ өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшырағаны хабарланған еді. Ал кейінірек түркиялық БАҚ қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшыраған сәтінің видеосын жариялады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!