"Автобус апатынан көз ашпаған Алматы". Кейінгі 4 жылда қанша жол апаты болды?

"Автобус апатынан көз ашпаған Алматы". Кейінгі 4 жылда қанша жол апаты болды?
Фото: Tengrinews.kz

Кейінгі жылдары Алматыда қоғамдық көліктерге қатысты жол апаты жиілеп кетті. Салдарынан бірнеше адам көз жұмды, тағы бірнеше адам ауыр жарақат алды.

Жол апаты жиілеуіне не себеп? Құзырлы органдар мұндай оқиғалардың неге алдын ала алмай отыр? "Апаттан көз ашпаған" Алматыда кейінгі 4 жылда қанша автобус апаты болды? Massaget.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтады.

Автобусқа мінемін деп ажал құшқандар бар...

  • Биыл 26 маусымда Алматыда қоғамдық көлік жол апатына ұшырады. Оқиға Алмалы ауданында сағат 14.20-да болған. "Kia" көлігінің жүргізушісі Мақатаев көшесімен оңтүстік бағытта өтіп бара жатып, 18-бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысып, артынша кедергіге соққан. Оқиға салдарынан 25 адам медициналық көмекке жүгінді, бір адам оқиға орнында жан тапсырды.

Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Алматыда автобус апатқа ұшыраған сәттің видеосы пайда болды

  • Былтыр 22 желтоқсанда Алматыдағы автобус апатынан үш адам мерт болды. Оқиғаға себеп қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адамның әрекеті болған. Биыл автобус жүргізушісін ұрған Дархан Ахмеджановқа түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Көзі шығып кеткен, жарты басы жоқ". Алматыдағы автобус апатынан көз жұмған марқұмның туыстары жанайқайын жеткізді

Tengrinews.kz

  • 2022 жылғы 8 қарашада Алматыдағы Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесі қиылысында №98 және №201 автобустар жол апатына ұшырап, салдарынан 20-дан аса адам зардап шекті. Бір адам мерт болды. 

Алматыдағы автобус апаты: жүргізуші есін жоғалтып алған

Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Мұндай оқиғалар тек Алматыда емес, бірнеше өңірде тіркелді. Мәселен, Шымкентте 5 адамның өліміне әкеп соққан автобус апаты болды. Қарағандыда да автобус апатынан 18 адам зардап шекті. 

Алматыда кейінгі 4 жылда қанша автобус апаты болды?

Алматы қаласы Полиция департаментінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, жыл сайын автобус апатынан көз жұматындардың саны артып бара жатыр. 

  • 2021 жылы қоғамдық көлікке қатысты 264 жол апаты болған. Салдарынан 9 адам қайтыс болған; 344 адам жарақат алған.
  • 2022 жылы қоғамдық көлікке қатысты 208 жол апаты болған. Мұндай оқиғалардың кесірінен 7 адам қайтыс болған. 318 адам жарақат алған.
  • 2023 жылы қоғамдық көлікке қатысты 314 жол апаты болған. Салдарынан 6 адам жан тапсырған, 357 адам жарақат алған.
  • 2024 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қоғамдық көлікке қатысты 134 жол апаты болып, 3 адам көз жұмып, 1167 адам жарақат алған.

Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Автобус апаттарына не себеп?

Полиция департаменті мұндай оқиғалардың жиілеуіне жол ережесі сақталмауын негізгі себеп деп санайды.

"Жол апаттары жол жүру ережелерін сақтамаудан, яғни жүргізушілердің жылдамдықты асыру, жол апаты жағдайлары туындауы, арақашықты сақтамау, алкогольдік немесе есірткі заттарын, психотропты заттар қабылдау, жол белгілеріне, бағдаршамның нұсқауын қарамау салдарынан болып жатыр", - деп жазылған Полиция департаментінің Massaget.kz-ке жауабында. 

Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Билік автобус апаттарының алдын алуға неге қауқарсыз?

Автобустардың жол апатына ұшырауына себепкер болған азаматтар ҚР ӘҚБтК және басқа заңнамаларымен тиісті жауапкершілікке тартылады.

Ішкі істер министрлігінің Massaget.kz-ке ресми жауабында мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны айтылған.

Министрлік мәліметінше, бұл бағытта тұрақты түрде "Автобус" алдын алу шарасы өткізіледі.

"Биыл жыл басынан бері өткізілген осындай жедел алдын алу шарасы кезінде 13 мыңнан аса жол жүрісі ережесін бұзу дерегі тіркелді. Соның ішінде жолаушыларды және жүктерді тасымалдау ережесін бұзу бойынша 977 (ӘҚБтК-нің 571-бабы 2-бабы және 3-бөлігі), жолаушыларды заңсыз тасымалдау бойынша 12 дерек (ӘҚБтК-нің 463-бабы) анықталды. Соның ішінде 189 такси жүргізушісі, қайтадан заңсыз өзгертіліп жабдықталған автобустың 706 жүргізушісі (ӘҚБтК 590-бабы 7-бабы) жауапқа тартылды", - деп жазылған ресми жауапта.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова