Австрия мен Германия энергия тапшылығының алдын алу үшін көмір ЖЭО-ларды уақытша қосатын болды. Осыған байланысты Еуропада жасыл энергияға көшу баяулауы мүмкін. Бұл туралы Euronews телеарнасының сюжетінде айтылды, - деп хабарлайды "Массагет".
Ресей газының үлесі импорттың 80 пайызы болатын Австрияда билік жұмысын тоқтатқан Меллахтағы көмір электр станциясын қайта ашуды жоспарлап отыр. Ол екі жыл бұрын ел жаңартылатын энергия көздеріне көшкенде жабылған еді.
"Біз бұл электр станциясын көмірмен жұмыс істеу үшін қайта жабдықтаймыз. Шешімді қазір қабылдау маңызды. Қалай болғанда да, техникалық жаңарту, дайындық жұмыстарына бірнеше ай қажет болады", - деді Австрияның қоршаған орта министрі Леонор Гевесслер.
Германияда 8 шілдеде көмір электр станцияларын уақытша белсенді пайдалану туралы заң жобасын қабылдау жоспарланып отыр. "Болашақ үшін жұма" климатты қорғау қозғалысы үкімет осылайша атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту бойынша қойылған мақсаттардан бас тартып отырғанына сенімді.
Экономика министрі Роберт Хавбек жағдай күрделі екенін және қыста тапшылықты болдырмас үшін ел энергия тұтынуды азайтып, жерасты газ қоймаларын толтыруы керек екенін айтты. "Көмірге оралу - ащы қажеттілік" дейді ол.