“Аузыңды жап, сені де өлтіреміз“ деді“ - Шерзаттың анасы

“Аузыңды жап, сені де өлтіреміз“ деді“ - Шерзаттың анасы
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Сотта марқұм Шерзат Болаттың анасы Гүлбара Бишімбиева жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, оқиға туралы естіген бойда енесімен бірге "Қамажай" дүкеніне барған. Дүкеннің алдында бір топ адамды көрген.

"Дүкеннің алдынан 10-15 шақты адамды көрдім. Әжесі менің артымда келе жатқан. Сол жерде біреу: "Делайте" деп айтады, мен соны естідім. Сосын Шерзаттың бетінен Дархан ұрады. Сол кезде Шерзат артқа қарай шегінеді де, қайта оны ұрады. Ол жерге құлап түседі. Абзал Ахметті (Шерзаттың досы - еск.) ұрып жібереді. Сосын олар Шерзат пен Нұрғанатқа жабылып кетеді. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алады. Сол кезде Абзал: "Аузыңды жап, сені де өлтіреміз" деді", – деп баяндады Шерзаттың анасы.

Сондай-ақ, Шерзаттың анасы сол жерде болған екі қыз туралы да айтты. 

"Ол қыздарға: "Жедел жәрдем мен полиция шақырыңдаршы" дедім. Олар маған қарап тұрды, ештеңе істеген жоқ", – деді Гүлбара Бишімбиева.

Әйелдің айтуынша, олардың қолында пышақ болған, ол Шерзатқа пышақ салған Абзал Шынасыл екенін де жеткізді.

"Шерзатқа қарай жұлқынып шығып кеттім. Шерзат артқа шегінді де құлады, сол кезде мен Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Шерзат: "Мама, мына жағымды қараңызшы" деп сол жағын көрсетті, пышақ салғанын көрдім. Ұлым ауыр хәлде жатқанына қарамастан, олар бізге қарай бет алды. Айғайлағаныма да қараған жоқ. Одан кейін үйлерден адамдар шығып қалып, бұлар қашты", – деді әйел сотта берген жауабында.

Сондай-ақ, ол оқиға кезінде жұбайы Қаржаубай полиция мен жедел жәрдем шақыруға тырысқанын айтты. Алайда ешкім жауап бермеген және ешкім келмеген.

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. 

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар 

Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget