Әлеуметтік желілерде мұғалім оқушыларға оғаш мінез-құлық көрсеткен видео тарады. Кадрларда мұғалім балаларға ұрысып жатқаны көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенсек, бұл оқиға Алматы облысы Шонжы ауылындағы мектептердің бірінде болған. Желіде тараған видеолардың бірінде мұғалім оқушыны итеріп, оны телефонына түсіріп жатқаны көрінеді.
Тағы бір кадрда мұғалім балаларды "ақымақ" дегені естіледі.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды, өйткені желі қолданушыларының пікірі екіге жарылған. Кейбіреулері мұндай әрекет мұғалім үшін орынсыз екенін айтып, балалармен жұмыс кезінде этика нормаларын қатаң сақтау қажет десе, енді бір топ керісінше қазіргі балалардың тәртібімен айналысу мұғалімдерге де қиын екенін айтқан.
Алматы облысы білім басқармасы мәліметінше, видеодағы мұғалім 36 жылдан бері педагогикалық қызметпен айналысып келеді.
"Үзіліс кезінде мұғалім орынсыз мінез-құлық көрсеткен видеоға байланысты мектеп әкімшілігі ішкі тергеу жүргізді. Видеодан мұғалім оқушыларды қорлап, итеріп жатқанын көруге болады. Талқылау қорытындысы бойынша педагогикалық этиканы бұзғаны үшін мұғалімге қатаң сөгіс жарияланды. Мектеп әкімшілігі жағдайды бақылайды", - деді аудандық білім бөлімі өкілі.
Оған қоса арнайы комиссия құрылған.
"Осы оқиға бойынша аудандық білім бөлімі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте мәселені қарау үшін Алматы облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне сауал жолдады", - деп қорытындылады Алматы облысының білім басқармасы өкілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова