- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ауызсуға бір айда...
"Ауызсуға бір айда 30-40 мың теңге жұмсаймыз". Маңғыстаулықтар тіршілік нәрін 4-5 есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр
Маңғыстау облысында бірнеше ауылда ауызсу тапшы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұнайлы ауданының Маңғыстау және Бесшоқы ауылдарында ауызсу тапшы. Тұрғындардың айтуынша, қарашадан бері құбыр арқылы су келмеген. Сондықтан олар жеке су тасымалдаушылардан сатып алады. Құбырмен келсе, айына 12 мың төлейтін суға тұрғындар шамамен 40 мың теңге жұмсап, қып-қызыл шығынға батып отыр.
"Бір водовоз су 10 мың теңге тұрады. Айына 3-4 рет тапсырыс береміз. Себебі құбырда су жоқ. Коммуналдық мекеменің қызметкерлері біздің шағымымызды тыңдағысы да келмейді. "Су бар" деп бізді алдайды. Бүкіл ауыл болып өтірік айтпайтын шығармыз", - дейді Маңғыстау ауылының тұрғыны Максим Байбазов.
Бұған дейін ауылға ауызсу кестемен берілген. Бірақ кейінгі жарты жылда құбырдан тамшы да тамбай қалған. Себебі қысым төмен. Өйткені зауыттан тіршілік нәрі аз мөлшерде жеткізіліп жатыр.
"Мұнайлы ауданында 175 мың халық бар. Оларды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 25-30 мың текше метр су қажет. Ал бізге 7-10 мың текше метрдей ғана келіп тұр", - дейді "Маңғыстау жылу" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары Жасұлан Мұхамбетқалиев.
Ал "Каспий" су тұщыту зауыты тәулігіне 20 мың текше метр су өндіріп, соның 65 пайызын Мұнайлы ауданына беріп отыр. "Каспий" су тұщыту зауыты маркетинг бөлімінің басшысы Мұрат Тлепиевтің сөзінше, зауыт іске қосылғанда Басқұдық, Бесшоқы, Шерқала, Маңғыстау-5 ауылдары болмаған. Оның үстіне, коммуналдық мекеменің қарызы 630 миллион теңгеден асқан.
Су тапшылығына тасымалдаушылар да шағымданды. Олардың айтуынша, 5 сағаттап кезек күтеді. Сондықтан күніне су тасу екі есеге қысқарған.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы