Испанияда ауызсуды пайдалануға шектеу енгізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.
Еуропадағы климаттық өзгерістер су тапшылығын тудырып отыр. Құрлықты құрғақшылық жайлап, аптап су қорын айтарлықтай азайтқан.
Испания үкіметі тіршілік нәріне қатысты қатаң шектеулерді енгізуге мәжбүр болған. Көктемгі қырық градус аптап Испания үкіметін әбден әбігерге салған. Алдағы мамырда жауын шашын аз түссе, елдің солтүстігіндегі Каталония аймағында құрғақшылық болып, төтенше жағдай жариялауы мүмкін. Сондықтан үкімет ауызсуға қатысты жаңа шектеулерді енгізбек.
Телеарна мәліметінше, мұнда тұрмыс пен коммерциялық мақсатта суды тұтыну қатаң бақыланады және су беру қысымы төмендетіледі. Бүгінде бір тұрғын тәулігіне 317 литр су тұтынады екен, жаңа шектеулерге сәйкес тұтыну көрсеткіші 180 литрге дейін қысқармақ.
"Жергілікті биліктен поштамызға арнайы хат келе бастады. Онда "құрғақшылыққа байланысты аймақтағы су қоры 23 пайызға дейін төмендеді" деп жазылған", - дейді Барселона қаласының тұрғыны Сара Гарсия.
Жергілікті билік суды барынша үнемдеуге үндеген. Үнемдеу қарапайым тұрғындармен қоса, бизнестен де қатты талап етілмек. Жергілікті билік қонақүйлердегі жуынатын бөлменің суын тазартып, екінші рет қолдануға мүмкіндік беретін резервуарларға инвестиция тартуды талап етпек.
"Туристердің ысырапшылдығы бізді де шаршатты. Біз әр бөлмеге "суды үнемдеу қажет" деп жазатын болдық. Әр саяхатшы ваннаны 300 литр сумен толтырып, өкінішке қарай, оның 50 пайызын ғана пайдаланады", - дейді кәсіпкер Давид Ариас.
Барселона маңындағы Ель-Вендрель қаласы қонақүй мен жеке сектордағы бассейндердің су көлеміне қатысты жаңа шектеулер жариялаған. Жергілікті биліктің талабына сай бассейндердің тереңдігі енді 2 метрден аспауға тиіс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!