Ауызды ашып ұйықтау несімен қауіпті?

Ұйқы - бұл физиологиялық құбылыс, ол кезде адам өзін басқара алмайды. Ол аунауы, қорылдауы немесе аузын ашып ұйықтауы мүмкін. Көптеген адам ауызды ашып ұйықтаудың ешқандай зиян жоқ деп ойлайды. Алайда бұл олай емес. Massaget.kz ауызды ашып ұйықтаудың жиі кездесетін себептері мен оның мүмкін қауіпті салдарларын ұсынады.

Адам неліктен аузын ашып ұйықтайды?

Ауызды ашып ұйықтау әдет қана емес, ағзадағы проблеманы көрсететін белгі болуы мүмкін.

Тыныс алу проблемалары

Адамның мұрны бітелсе, ол ауызбен демалуға мәжбүр болады. Сол үшін де адам ұйықтаған кезде аузын ашады. Бұл проблемаға әдетте ринит, синусит, гайморит, тұмаумен қиналатын адамдар жиі шалдығады. Асқынуларды болдырмас үшін дәрігерге уақытында қаралу керек. Сондай-ақ жағажайда немесе таулы жерлерде көбірек уақыт өткізуге тырысу керек, олар тыныс алу органдарына жағымды әсер етеді.

Дұрыс емес қалыпта ұйықтау

Дұрыс емес қалыпта ұйықтау – ұйқы кезінде ауызды ашып жатудың тағы бір себебі. Әдетте ол өте төмен жастықта ұйықтайтын адамдарда кездеседі. Ауызды ашып ұйықтау шалқасынан жатқанды ұнататын адамдарға да тән. Бұл проблеманы шешу үшін жатын бөлмені дұрыс ұйымдастыру маңызды. Барынша ыңғайлы матрас пен жастық таңдау қажет.

Беттің дөңгелек бұлшықетінің әлсіздігі

Беттің дөңгелек бұлшықетінің әлсіздігі – егде жастағы адамдардың ауыздарын ашып ұйықтауының негізгі себебі. Сондай-ақ ол 2 жасқа толмаған кішкентай балаларда кездеседі. Олардың бетінің дөңгелек бұлшықеті әлі жаттықпаған. Алайда ол бала өсе келе де кетпесе, бұл проблеманы дәрігер көмегімен шешу керек. Себебі ол тістемнің бұзылуына әкелуі мүмкін. Мимикалық жаттығулар мен массаж бет бұлшықетін қатайтуға көмектеседі.

Неврологиялық аурулар

Неврологиялық аурулармен қиналатын адамдар жиі аузын ашып ұйықтайды. Олар жасырын түрде дамуы мүмкін. Неврологияның негізгі белгілеріне сілекейдің көп бөлінуі, тіл ұшының салбырап тұруы жатады.

Ауызды ашып ұйықтаудың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Бұл жағымсыздықтан арылу үшін уақытында дәрігерге қаралу керек. Ол емдеудің дұрыс әдісін тағайындайды. Ауызды ашып ұйықтау тек эстетикалық проблема емес екенін түсіну маңызды.

Ауызды ашып ұйықтау қандай қауіпті салдарларға әкеледі?

Шаршаңқылық

Мұрын арқылы алатын ауа оттекке бай, ол мұрын қуысында сүзгіден өтеді және оның ішін ылғалдандырады. Ал ауызбен тыныс алғанда өкпеге оттек жеткілікті мөлшерде бармауы мүмкін, бұл сіздің шаршап жүруіңізге әсер етеді.

Қорылдау

Ауызбен тыныс алғанда тамақтың артқы бөлігіндегі жұмсақ тіндер қаттырақ дірілдейді. Бұл вибрация қорылға әкеледі.

Апноэ

Апноэ – ұйықтап жатқан адамның қысқа уақытқа тынысы тоқтайтын бұзылыс. Адамның тынысы біртекті емес болады. Бұл бұзылыс көптеген проблемаларға, соның ішінде шаршаңқылық, жоғары қан қысымы, күйзеліс, депрессия және бас ауыруына әкеледі.

Ауыздан жағымсыз иіс шығу

Егер таңертең оянған кезде аузыңыздан жағымсыз иіс шықса, бұл нашар ұйқының белгісі болуы мүмкін. Сілекей – ауызды ылғалдандыратын табиғи құрал. Оның құрамында бактерияларды өлтіретін заттар бар. Ал аузыңызды ашып ұйықтағанда сілекей кеуіп кетеді, ал ол ауыздан жағымсыз иістің шығуына әкеледі.

Пародонтоз және басқа да тіс аурулары

Жоғарыда айтқандай, сілекей ауыздағы бактерияларды өлтіруге көмектеседі. Ал аузыңызды ашып ұйықтағанда сілекей кеуіп кететіндіктен, бактериялар жылдам көбейіп, қабынып, түрлі аурулардың пайда болуына ықпал етеді.

Бұл әдеттен қалай арылу керек?

Желіде ауызды скотчпен жабыстырып тастау керегі айтылған лайфхактар кездеседі. Олардың айтуынша, бұл сізді ұйықтап жатып мұрынмен тыныс алуға мәжбүрлейді. Нәтижесінде, ол сіздің әдетіңізге айналып, скотчсіз мұрынмен демалатын боласыз. Дегенмен, өзіңізден бұл проблеманы байқасаңыз, оның себебін анықтау үшін және дұрыс емдік тәсілді алу үшін дәрігерге көрінуге кеңес береміз.

Оқи отырыңыз: Ұйықтап жатқан адам қорылдан қайтыс болуы мүмкін бе?