"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші кез келген аурудың алдын алу оңайырақ. Ең басты проблема — көптеген аурулардың адам ағзасында жасырын дамуы. Сондықтан, адам өз денсаулығын сақтау үшін ештеңе мазаламаса да, уақытылы дәрігерге баруы керек. Бүгінгі материалда әйел адам міндетті түрде қандай тексерістерден өту керегін ұсынамыз.
Гинекологиялық тексеріс
Гинекологиялық аурулардың көпшілігі бастапқы стадиясында белгі бермейді және аса мазалай қоймайды. Тек ұзақ уақыт өткен соң ғана инфекция өзі жайлы белгі бере бастайды. Егер уақытылы ем жасалмаса, ол цистит, жатыр түтігінің зақымдалуы немесе болашақта бала көтеру проблемасына әкелуі мүмкін. Сондықтан ештеңе мазаламаса да, 6-12 айда бір рет гинекологиялық тексерістен өту керек.
Сүтті бездердің УДЗ-диагностикасы
Қатерлі ісіктің алдын алу үшін 18 жастан бастап жылына бір рет міндетті түрде сүтті бездердің УДЗ-диагностикасын жасау ұсынылады. Бұл әдіс сүтті бездер тінінің жағдайын және ісіктің бар-жоғын анықтап бере алады.
Сүт безі қатерлі ісігін бастапқы стадияда қалай анықтауға болады?
Стомотологиялық тексеріс
Уақытылы стомотологиялық тексерістен өту (жарты жылда бір рет) кариестің даму қаупін төмендетуге және одан да қауіпті пульпит немесе периодонтит секілді патологиялардың алдын алуға көмектеседі. Аса ұлғайған жағдайда тісті жұлу қажет болады, ал тіс жұлынса және оның үстіне уақытында имплант салынбаса, бет пропорциясы өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ тіс жағдайы ағзаның күйін көрсете алады. Мысалы, кейде тіс етінің қабынуы асқазан-ішектер жолы органдарының ауруы немесе қант диабеті жайлы белгі береді.
Қалқанша безді тексерту
Қалқанша без тіршіліктің маңызды процестеріне қатысатын тиреоидті гормондардың өңделуіне жауап береді. Егер ол дұрыс жұмыс істемесе, көптеген проблемаға әкеледі. Бұл гормон аз бөлінсе, есте сақтау мен зейін қою нашарлайды, әлсіздік пен ұйқы проблемалары пайда болады. Ал егер бұл гормон көп бөлінсе, тері құрғақтығы, шаштың түсуі және сабырсыздық орын алады. Сондықтан уақытылы эндокринологқа тексерілу керек.
Қантқа қан анализін тапсыру
Қандағы қант мөлшерінің артуына қарапайым көмірсулар мен алкогольді көп қолданудан бастап күйзеліске жиі ұшырауға дейінгі түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мұндай бұзылу атеросклероз, инсульт, инфаркт және қант диабеті секілді аурулардың даму қаупімен байланысты. Олардың алдын алу үшін әр 3 жыл сайын бір рет қандағы қант деңгейін тексеру ұсынылады. Егер сіз қауіп-қатер тобында болсаңыз, анализді жылына бір рет тапсыру керек. Қауіп-қатер тобына артық салмағы бар, жүрек-қан тамырлар ауруларымен қиналатын және қант диабетімен ауырған туысы бар адамдар жатады.