Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ІІМ мәліметінше, қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастыру деректері бойынша да қылмыстық істер тергеліп жатыр.
"Әртүрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан аса адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Полицейлер кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарына жасалған, өзге де қылмыстарға қатысты 270-тен аса бопсалау дерегін анықтады. Еліміздің өңірлерінде жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан аса қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сонымен қатар, жазасын өтеп жатқан қылмыстық орта өкілдерінің мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіруі бойынша 50-ден аса қылмыстық іс тіркелген. Шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынған.
"Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңды іске асыру аясында 80-нен аса қылмыс анықталған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова