19-26 желтоқсан аралығында Катар астанасы Дохада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Чемпионат аясында Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының президенті Ғаджи Шапиұлы Ғаджиев Халықаралық және Азия ауыр атлетика федерацияларының басшылығымен кездесулер өткізді. Кездесулерде ауыр атлетиканы дамыту және ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Халықаралық федерация президенті Мохаммед Жалуд Әл-Шаммари және Азия федерациясының президенті Мұхаммед Юсуф Әл Мана, сондай-ақ Азия федерациясының бас хатшысы Мұхаммед Әл-Харбимен өткен кездесулерде Қазақстан Ауыр атлетика федерациясымен бірлесіп, 2025 жылы жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды.
Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының президенті Ғаджи Шапиұлы Ғаджиевке Ұлттық федерацияның жемісті жұмысы үшін терең ризашылық пен алғыс білдірілген хат тапсырылды. Сонымен қатар, ауыр атлетиканың дамуына қосқан айрықша үлесі, адалдығы, жанқиярлық еңбегі және допингке қарсы күрестегі табысты жұмысы атап өтілді.
“Сіздің күш-жігеріңіз біздің спорт түрін дамыту мен спортшылардың шеберлігін жетілдіруге үлкен үлес қосты. Біздің миссиямызды ілгерілетудегі адалдығыңыз бізге шабыт береді, ал қолдауыңыз федерацияның болашағы мен негізін нығайтады.
Біз сіздің табандылығыңызды жоғары бағалаймыз және бірге жаңа биіктерге жетуді асыға күтеміз”, – деп атап өтті Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Юсуф Әл Мана.
Айта кетейік, жақын арадағы жастар арасындағы Азия чемпионаты 19-26 желтоқсан аралығында Катар астанасы Дохада өтеді.
Еске сала кетейік, 11 желтоқсанда Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының президенті болып Ғаджи Ғаджиев тағайындалған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!