Ауылдың рафаэллосы: жамбылдық келін ұлттық тағам саласындағы кәсібін дөңгелетіп отыр

Ауылдың рафаэллосы: жамбылдық келін ұлттық тағам саласындағы кәсібін дөңгелетіп отыр

Бүгінде ұлттық тағамға деген сұраныс ерекше. Қазақтың кез келген ұлттық тағамының дәмінен бөлек, дайындалуының астарында да терең мән-мағына, өнеге жатыр. Өйткені әрбір тағам ерекше сақтықпен, тазалықпен, көңілмен дайындалған. Сондықтан ана қызына, жеңге қайын сіңілісіне, ене келінге әр астың дайындалу әдебін, ретін мұқият үйретіп отырған. Ұлттық тағамдар, соның ішінде сүт өнімдері қашан да ерекше маңызға ие болған, сондай-ақ, қазақты небір аштықтан аман сақтаған. Жамбылдық келін Айнұр Шахизадақызы да ата-бабадан бүгінге жеткен ұлттық өнімдерді дәріптеп, табысқа кенелген. Ол енесі үйреткен әдіспен бесаспапқа айналған. Осылайша, бүгінде Айнұр Шахизадақызы сүт өнімі нарығында көптің көңілінен шығып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алғашында несиеге сауын сиыр сатып алып, ірі қараны көбейткен ол қарызын қайтару үшін ауыл арасына сүт өнімдерін сата бастаған. Massaget.kz тілшісі 10 жылдан бері осы салада жүрген ауылдық кәсіпкермен сұхбаттасты.

Қазақтың ағы үзілмеген дархан дастарханы жайылған шаңырағы кез келген қонақты марқайтып тастайды. Жамбыл облысы тұрғыны да сүт өнімдері арқылы отбасының берекесін арттырып, одан бөлек, енесінен көргенін кәсіп етіп отыр. Оның айтуынша, ауылда көпшілігі дәл осы сүт өнімдерінің арқасында күнделікті пайда тауып отыр.

"Ауылда бір отбасының күнделікті қант-шайын бір ғана сауын сиырмен айырып отырғандар бар. Бұл - нағыз адал еңбек. Сиыр сауып, сүтінен қаймақ алып, айран ұйытып, сары май жасап, құрт жаю - күні бойы қол байлайтын жұмыс. Бір адамды шаршатады. Ағарғанды босқа іркіт қып төкпей, оны табысқа айналдырса, несі айып?" - дейді Айнұр.

Айнұрдың құрт сатып, кәсіп бастағанына 10 жылдан асыпты. Бірақ алғашында құртты жайғанымен, бірақ оны көгертпей, кептіріп сақтаудың жолын білмей, біраз қиналған көрінеді.

Жас келінге көпті көрген тәжірибелі енесі Шәйімкүл білгенін үйреткен соң, құрт жайып, кептіруде бесаспап болыпты. 

"Қаймақ, құрт сатып күнара 5 мың теңгеге дейін табыс тауып жүрдім. Күнделікті табыс күнде келіп жатқан соң күйеуім екеуіміз сауынды сиыр санын көбейтейік деп шештік. Сөйтіп оның санын үшеуге жеткіздік", - дейді кәсіпкер.

Қазір Құлан ауылында жасалған құртқа Балқаш, сонау Ақтау, Атырауға тасымалданады. Одан бөлек Алматыдан да тапсырыстар түседі екен. Ол сүт өнімдерін арнайы ыдыстарға салып, тапсырысты пойызбен жіберіп отырады екен.

Тапсырыс көбейген соң Айнұр өз өнімінің жарнамасын жасау керек екенін түсінген. Сөйтіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ол Instagram-да парақша ашып, сурет пен видео түсірілімдер жасап, жарнамалай бастаған. Қазір кәсіпкердің құрт саудасы қызып тұр.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова