"Ауылдың дәл түбінен жарылады": Ақмола облысы тұрғындары дабыл қағып отыр

Ақмола облысындағы Волгодон ауылы қиыршық тас зауытының жарылыстарынан әбден шаршаған. Қазылған қиыршық тас карьері ауылдың дәл түбіне таяп қалған. Жарылыстардан ауылдағы ондаған үйдің қабырғалары қақырап кеткен. Тұрғындар құзырлы органдар аудандағы зауыт саны көбеюіне мүмкіндік бергенін айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми деректер бойынша қазір Ақмола облысының Аршалы ауданында 38 қиыршық тас зауыты бар. Ал заңсыз, тіркелмей жұмысын жүргізіп жатқан қанша зауыт бар екенін ешкім тап басып айта алмайды. Экологиялық ахуалы қиындаған, апта сайын бір мезетте ондаған жарылыстан зардап шеккен халық билік басындағыларға наразылығын айтып жалыққанын жеткізіп отыр. Оның ішінде Аршалы ауданындағы Волгодон ауылының жағдайы тіпті мүшкіл. 

 

"Нефрит голд" компаниясына тиесілі қиыршық тас карьері қазір ауылдың дәл іргесіне тақап қалды. Кез келген картамен өлшенсе де ауылдың шеткі үйі мен карьердің арасы 330 ғана метр. Өзеннің арғы жағында апта сайын жарылыс болады. Экологиялық қауіпсіздік мүлдем ескерілмейді. Заңға сәйкес карьер кемінде 1000 метр болуы керек. Бірақ бұған қарап жатқан ешкім жоқ. Ауылдың іргесін үңгіп қазып жатыр. Бірнеше қоғамдық тыңдалым болып, басқа компаниялар да кіргісі келді. Бірақ әбден зәрезап болған халық енді басқа зауыттарды кіргізбеуге бел буған", - дейді Станислав Круглов есімді Волгодон ауылының белсенді тұрғыны.

Өңірде жазғы уақыттарда тұрғындардың тыныс алуы мүлдем қиындап, аймақта онкологиялық ауруға шалдыққандар саны еселеп артқан. Ауыл тұрғындары шаңды түтіннен демала алмай қалатын кездер жиі болатынын айтады. Олар Аршалы ауданы, Ақмола облысы әкімдігіне, Ақмола облысының өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттеріне шағымданған. Бірақ құзырлы органдар бәрі экологиялық норма бойынша қалыпты деңгейден аспайтынын айтады. Ақмола облысы өнеркәсіп қауіпсіздік департаменті өкілдері тұрғындардың уәжімен келіспейтінін ашық жеткізген.

"Тұрғындар айтқандай емес, кен орны мен ауыл арасындағы арақашық 630 метр болады. Негізі кен орнынан тұрғын үйлерге дейінгі арақашықты өлшеу департамент құзырына жатпайды. Жарылыс жұмыстарын атқаратын мердігер ұйымның ұсынылған есептеуі бойынша қауіпсіз қашық мөлшері - 450 метр. Жарылыс жұмыстары қауіпті өндірістік нысандар үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүргізілуге тиіс. Карьерден 1000 метр өлшем нүктесі санитария қорғау аумағы саналады. Ол аймақ санитария нормаларына сәйкес белгіленеді", - дейді Ақмола облысы өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Ерік Төлеужанов. 

Ал Аршалы ауданы әкімдігі өкілдері кен орны мен ауыл арасындағы аралық ауыл тұрғындары айтқан шамадан да жақын екенін мәлімдеген.

Аршалы ауданының жер кадастры және тіркеу бөлімінің жауабына сәйкес, "Нефрит Голд" учаскесі мен Волгодон ауылының шеткі тұрғын үйлеріне дейінгі арақашық 252 метр болады.

"Жарылыс жұмыстары болатын карьерден елдімекенге дейін арақашық 550 метрден асады. Ал тастарды ұсақтап ұнтақтайтын кешен 1100 метр қашықта орналасқан", - делінген Аршалы ауданы әкімдігінің ресми жауабында.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!